Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда Рогун су-электр стансасының құрылысына қатысты келіссөздер қорытындыланды

  • AstanaTV
  • 18 шілде 2014
  • 1397

Алматыда Рогун су-электр стансасының құрылысына қатысты жүргізіліп жатқан келіссөздердің қорытынды кездесуі аяқталды. Дүниежүзілік банк ұсынған жобаны алты елдің үкіметі қарастырған. Жарыссөздердің қандай бағытта болғаны жайлы "Астана" арнасының тілшілеріне аталған банктің директоры Сарож Кумар Джа сұхбат берді. Айтуынша, сарапшылар Рогун су-электр стансасының техникалық-экономикалық мүмкіндігіне баға берген. Әсіресе, бөгеттің қауіпсіздігі мен экологияға тигізер әсері  талқыланған көрінеді. Тәжікстанның энергетикалық сұранысын қанағаттандырудың балама жолдары да сөз болған.

Айта кетерлігі, Рогун электр-стансасын салу мәселесі Кеңес Үкіметі кезінде  көтерілген. Нысан тәжіктерді көрші елдердің электр қуатына тәуелділіктен құтқарар еді. Биіктігі 330 метрді құрайтын бөгет әлемдегі ең биік нысан болмақ. Сағатына 3600 мегават электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Алайда кейбір мамандар Арал бассейнінің жоғарғы жағында орналасқан Тәжікстан бұл жобаны қолдаса, су ағымын шектеуі мүмкін деген қаупін жасырмайды. 

Сарож Кумар Джа,  Дүниежүзілік банктің Орта Азия елдері бойынша аймақтық директоры:

Жобаны талқылау барысында жан-жақты ақпараттандырудың болуы құрылысқа қызығушылық танытқан  елдер үшін маңызды деп санаймын. Жағалаудағы мемлекеттер көтерген бар мәселе жуық арада қарастырылатын болады. Тәжік үкіметі алдағы аптада жобаға қатысты нақты шешім қабылданғанда, осы ұсыныстарды ескерсе дейміз. Бұл  Дүниежүзілік банк үшін де маңызды.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ