Тараздың
бірқатар көшелерінде «Тоқта!» белгісі бар тақтайшалар дұрыс орнатылмаған. Тіпті
жол белгі мен арнайы жолақтың ара қашықтығы 3 метрден 10 метрге дейін алшақ
жатыр. Ал ереже бойынша бұл белгілер бір сызықтың бойында болуы тиіс.
Салдарынан көлік жүргізушілері бейнебақылау құрылғыларына түсіп, айыппұл
төлеуге мәжбүр. Мәселенің мәніне өңірлік тілшіміз Данияр Әлімқұл үңіліп көрген
еді.
Бір
екі, үш, төрт, ... ... ... тоғыз! Мінекей, тоғыз қадам бойында түйіспей тұрған "Тоқта" белгісі! Осы белгімен бір сызықтың
бойында болуға тиісті жолақ тоғыз метрдей артта қалды. Ал бағдаршамға бөгелуге
тиіс көлік жүргізушілері қай белгіге тоқтарын білмей шатасуда.
Мәселен,
мына көлік көз алдымызда ақ жолақтан асып кетті. «Тоқта» деген белгінің тура
қасына тоқтады. Келесі көлік иесі де сөйтті. Жолақ жайында қалды. "Есесіне,
ереже бұзылғанын есептегіш бейне бекіту құралдары айыппұлмен қарық қылады", - дейді
жүргізушілер.
Тимур Әлімбетов, көлік жүргізуші:
Белгі
кейде сызықтың алдында тұрады. Кейде керісінше. Содан шатасып жолақты басып
кетеміз. Өткенде екі бірдей айыппұл
төледім. Біріншісінде 9, кейін 18 мың
теңгеге түстім. Ақыры айыппұл төлетеді екен, белгіні дұрыстап орнатсын.
Жұртты
шатастыратын көбіне Жамбыл, Абай
даңғылдары мен Қазыбек би көшелерінің қиылысы. Бұларды байланыстыратын
бұрылыстарда 4 бірдей «Тоқта» белгісі дұрыс қойылмаған. Олардың да жолақ сызығы
айдалада жатыр.
2-3
метрде шығып кетеді. Соған, мысалы, түсіп жатырмыз. Артта машина келе жатыр. Тоқтап үлгермейді.
Негізі
көрінбейді мына жерде стоп линиялар.
Бір
жерде екіден стоп линия қойып қойған. Біреуі бергі жақта, арғы жағында тағы
біреу.
Белгілер
қалай болса, солай қойылған дегенге сенгісі келмеген ІІД мамандары аталмыш
көшелерді өздері келіп тексерді. Көзімен көрген соң, жақын күнде жөнге
келтіретінін айтып уәде берді.
Самат
Құсайынов, Жамбыл облысы ІІД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
Бүгіннен
бастап, СМЭУ-мен жұмыс істейміз. Аптаның ішінде ұйғарым береміз. Бір-екі күнде
тексерілсе, келесі аптаның дүйсенбі-сейсенбі күндері бұл жерде жол
белгілерінің бәрі орнына келтіріледі.
Әкімшілік
полиция басқармасында 500-ден аса жол белгілерін жөндеу туралы жоспар жасалған.
Қазір қалада құбыр жүйелерін қысқа дайындау мақсатында көшелер қазылып
жатыр. Бірақ осы жұмыстар аяқталған
соң, көшелердің жолағы сызылмай
жататыны тағы бар. Жүргізушілерді бұл да алаңдатады.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ