Русский Сайттың толық нұсқасы

ТЖМ Алматы облысындағы «Спутник» лагерінен 100-ден астам адамды эвакуациялады

  • AstanaTV
  • 21 шілде 2014
  • 1308

Алматы облысы Талғар ауданында селдің салдарын жою шаралары жалғасып жатыр. Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің 2 тікұшағы Маралсай шатқалындағы «Спутник» сауықтыру лагерінде қалып қойған 100-ден астам адамды эвакуциялады. 

Селден аман қалып, жанын шүберекке түйіп келген азаматтарды тікұшақтан түсе сала дәрігерлер мен психологтар күтіп алып жатты. Ақ халаттылар бірінің қан қысымын тексерді. Екінші бірінің бойын алған үрейді сейілтуге күш салды. Сауықтыру лагерінен шығарылған 135 адамның ішінде балалар да бар. 

Назым Тохтахунова, ШҚО тұрғыны:

Сел жүрген кезде балалардың бәрі шошыды. Ата-анасыз жалғыз жүрген балаларға тіпті қиын болды. Содан екі күн бойы бізде не тамақ, не жарық болмады. Оған электр сымдарының зақымдануы себеп болғанға ұқсайды. Тек жұма күні ғана тамақ жеткізілді. Үлкен стресс алдық. Әлі күнге дейін қол-аяғым дірілдеп тұр.

Аудан әкімі сел жүрген күні азаматтарға қажетті көмектің бәрі жасалды. "Тікұшақтар лагерьге 5 бірдей генератор мен 5 тоннаға жуық азық-түлік жеткізді",- дейді. Сондай-ақ шенеуніктің айтуынша, демалыс мерзімі аяқталған балалардың бәрі үйлеріне аман-есен қайтқан.

Райхан Садықова,Талғар ауданының әкімі:

Сенбі күні сезоны бітіп, 240 бала лагерьден шығарылды, үйлеріне жетті. Бүгінгі күні 135 адамның арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар, сондықтан республикалық ТЖМ 2 вертолет бөліп, кешеден бері үлкен кісілерді шығарып жатырмыз.

Қазір Талғар өзені бойындағы жағдай қалыпты. Су көлемі азайып, 50 текше метрге дейін төмендеді. Мұздақтар ағыны да жоқ. Ал селден соң айтарлықтай бүлінген жолдарда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Апаттан келген шығын көлемі есептелу үстінде. Сондай-ақ аудан әкімі шатқалдағы қираған демалыс орындарының қожайындарына өтемақы төлеу мәселесінің қарастырылғанын жеткізді. Тек оның мөлшері әзірге анықталған жоқ.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ