Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтаудағы сараптама орталығы қызметкерлерінің еңбек жағдайына көңілдері толмайды

  • AstanaTV
  • 21 шілде 2014
  • 1777

Ақтауда кезекті еңбек дауы. Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы жергілікті филиалының мамандары басшылық демалыс күндері жұмыс істетіп, ақысын төлемейді деп отыр. 50 шақты адам еңбек ететін орталықтың техникалық байқау стансасындағы оншақты азамат маусым айында кемшіліктерді тізіп, еңбек басқармасына арызданады. Осыдан соң жұмыс жағдайы біршама ретке келтірілген. Есесіне, жұмысшылардың басына жаңадан қара бұлт үйірілді.

Орталықтың Ақтаудағы филиалында еңбек ететін мамандар барар жер, басар тауымыз қалмады деп, біздің арнамызға шағымданды. Олар жұмыс орындарында жағдай жасалмағанын айтады. Көліктерге қызмет көрсететін станция ғимараты жазда аптап ыстық, ал қыста суық болатыны соншалық, жұмыс істеу мүмкін емес көрінеді. Ауыз су жеткізілмейді, бұл аздай, басшылық іссапар шығындарын төлеуді де доғарған.

Ақниет Доспамбетов, «Нацэкс» АҚ Маңғыстау филиалының қызметкері:

Бірнеше рет айттық директор Қосмағамбетов Берік Зейноллаұлына хабарласып, айттық, бізге төлеңіздер деп. Ол бүгін төлейміз. Ертең төлейміз деп, тіпті бір-екі, үш мамандармен келіспей, оларға қысым көрсетіп, оларды жұмыстан шығарып жіберді.

Әділдік іздеген жұмысшылар Маңғыстау облыстық Еңбек инспекциясына шағымданған. Олар тексеріс ұйымдастырып, бірсыпыра заң бұзушылықтарды анықтаған соң, филиал басшылығы қызметкерлерге ауыз су жеткізіп, ғаламтор желісін де тартып берген. Алайда қарым-қатынас жақсармай, керісінше ушыға түседі.

Ақниет Доспамбетов, «Нацэкс» АҚ Маңғыстау филиалының қызметкері:

Еңбек басқармасына хабарласқанымыз үшін, бізге қысым жасап жатыр. Жұмыстан өз еркімізбен шығуымызды сұрап жатыр бізден.

Егер еңбек инспекциясының ескертуін филиал басшылығы елемейтін болса, онда қадағалаушы орган сотқа жүгінбек. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша еңбек басқармасы бастығының орынбасары Шыңғыс Дүйсенов хабарлады.

Шыңғыс Дүйсенов, Маңғыстау облысы бойынша еңбек басқармасы бастығының орынбасары:

Белгіленген мерзімге дейін ескертуде көрсетілген кемшіліктер жойылмаса, облыстық мамандандырылған экономикалық сотқа талап-арыз жолдаймыз. Сөйтіп талаптарымызды күштеп орындатамыз. Іс сотқа жетсе, заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке де қоса тартылады.

Мәселенің анық-қанығын директордың өзінен білмекке талпынған едік. Бірақ онымен тілдесу мүмкін болмады. "Астана" арнасының ресми сұрауына әлі күнге дейін жауап қайтарылмай отыр. Ал күзетшілер филиал кеңсесіне ешкімді кіргізбейді.

Асан ҚАЛИАХМЕТ, Светлана СҰЛТАНГЕРЕЕВА