Қостанайлық диқандар алаңдаулы.
Ауа-райының қолайсыздығы биылғы астыққа кері әсерін тигізе ме деген қауіп
басым. Толассыз жауған жаңбырдан егіс алқаптарында септериоз індеті байқалуда.
Тобыл өңірінде бір аптадан бері нөсер жауын басылмай тұр. Тіпті
солтүстік аудандарда жауын-шашынның деңгейі 100 милиметрге дейін жеткен. Бұл
қалыпты мөлшерден бірнеше есеге артық. "Жоғары ылғалдылық пен күн райының шамадан
тыс салқындауы бидайдың шығымына да әсерін тигізуі мүмкін", -дейді мамандар.
Аумақтық инспекция өкілдері аймақтағы 240 мың гектар алқапты зерттеп, оның 175
мың гектарында септериоз аталатын өсімдік індетін анықтады.
Дархан Әбдікәрімов, Қостанай облыстық
аумақтық инспекциясының бөлім бастығы:
Ылғалдылық жоғары болған жылдары
өсімдік аурулары кездесіп тұратын жағдай. Ауруларға қарсы шаралар өткізу үшін
350 мың гектарға дәрі-дәрмек бөлінді. Қазіргі таңда 45 мың гектарға өңдеу
жұмыстары жүргізілді. Жаңбыр басылса, жұмысты жалғастырамыз.
Заңғар САНАЙ