Русский Сайттың толық нұсқасы

Қалғандария ауылы Сырдарияның сол жағалауындағы шағын аралдан Қызылордаға көшіріледі

  • AstanaTV
  • 22 шілде 2014
  • 2513

Қызылорда қаласына қарасты Қалғандария ауылы қиындықтан құтылатын болды. Тұрғындар Сырдарияның сол жағалауындағы шағын аралдан шаһарға көшіріледі. Шенеуніктер әр отбасына қаладан пәтер немесе жер телімін беріп, баспана жайынан қиындық тудырмауды қарастырып отыр. "Астана" арнасы бірнеше рет көтерген күрмеулі жағдай осылайша оң шешілетін болды. Ал ауылдың орнында жүз мыңдай тұрғыны бар жаңа әкімшілік орталық бой көтереді. Шарипа Сақтапова тарқатады.

Сырдың сол жағалауы 2-3 жылдан соң заманауи, ұлттық және шығыс стильдері астасқан жаңа қалашыққа айналмақ. Бір жарым мың гектардан астам жерге саябақтар, зәулім көпқабатты үйлер мен әлеуметтік-өндірістік нысандар, мәдени-сауықтыру, сауда және этноорталықтар орналасады.

Сейілхан Тойбазаров, Қызылорда облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

Осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін осы жұмыстардың негізгі концепциясы анықталады. Қай жерде, қандай зонамыз болады. 2015 жылдың көктем айынан бірінші кезектегі құрылысты бастаймыз.

Жоба аясында мамандар көптен бері «бас ауруға» айналған Қалғандария ауылының мәселесін де шешпек. Жазда Сырдария арқылы қайықпен қатынап, қыста мұз үстімен өтетін елдің басындағы мұңын біз бірнеше рет көтерген едік. Ауыл тұрғындары енді шаһардағы пәтерлерге көшіріледі. Немесе оларға жер телімдері беріледі.

Арап Ағыбаева, Қалғандария ауылының тұрғыны:

Қайықты біресе жүргізбейді, біресе жүргізеді. Абыржып, ия мына жақты жол жоқ, ия мына жақта жоқ. Есімізден танып отырмыз.

Ажаркүл Жүнісова, Қалғандария ауылының тұрғыны:

Енді мынау көпір салып дарияға, көпірді бастап жатыр, шүкір құдайға. Әкиматтан үй береді деген сыбыс естіп жатырмыз. Оған мың да бір рахмет, қуанып жатырмыз. Берсе болар, әйтеуір далада қалмасақ болар деп.

Болашақ қаланың орнын зерттеу барысында бес бірдей көне қорым табылған. Шенеуніктер дін өкілдерімен ақылдаса отырып, мазаратты көшірмей, сақтап қалуға уағдаласты.

Сейілхан Тойбазаров, Қызылорда облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

Ол жер санитарлық қорғау аймағы болады. Ол туралы облыстық санэпидемстанциясымен келісілді. Сол бейіттірге қатысты нормативтер бар, санитарлық қорғау аймағы белгіленеді.

Жаңа қала жобасының тұсаукесері қазан айына жоспарланып отыр. 7, 9, 12 қабатты тұрғын үйлер мен коттедж қалашықтарды инвесторлардың қаражатына салу көзделген. Әкімшілік нысандар мен инфрақұрылымға республика мен облыс қазынасынан ақша бөлінеді.

Шарипа САҚТАПОВА