Русский Сайттың толық нұсқасы

Бонустар, сыйақылар...

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2016
  • 2204

Google  компаниясының Бас атқарушы директоры  Сандар Пичай сыйақы ретінде 199 млн доллар тұратын компания акцияларын алғанын Bloomberg хабарлады. Бұл Google тарихындағы ең көлемді бонус. Пичай әлемдегі қызметі өте жоғары бағаланатын менеджерлердің біріне айналмақ. Айта кететіні, ол бонусты 2019 жылдан бастап ала алады, онда да егер компанияда жұмыс істеп жүрсе. Ал АР хабарлауынша, Швейцариядағы екінші ірі банк Credit Suisse –ң бас директоры Тижан Тиам директорлар кеңесінен өзіне төленетін бонусты 25-50 пайызға қысқартуды сұраған. Себебі  банк өткен жылды шығынмен жауып, капиталы азайған. «Басқалардан бірнәрсе талап ете алмаймын, қолымнан келгеннің бәрін істейтінімді өзім көрсетпей» деген ол, швейцариялық апталыққа берген сұхбатында. Бірақ бонусының көлемі айтылмайды. Біздегі ірі компаниялар мен ірі банктердің топ менеджерлері 2015 жылдың соңында «бонус алды ма, алса қанша» деп сауалдар жібердік. Түсінікті шығар – көбісі бюрократиялық бұралаңға салды, «ой, қайдағы бонус» деп бұлтаң жауапқа салып, қашқалақтады. Жауап берген «Казкоммерцбанк» және  «Халық банкі» АҚ жіберген хаттардың мазмұны мынадай:

1. Құрметті Астана телеарнасы!

Биылғы жылы Банктің 2015 жылғы қорытындысын көрсететін қаржылық есеп тек наурыздан кейін жариялануы мүмкін. Қазіргі күні Банктің директорлар Кеңесі бонустарды беру мәселесін шешкен жоқ, оның үстіне қазіргі қалыптасқан экономикалық жағдай олардың бұл шешімінде міндетті түрде ескерілетін болады.

Рахмет!

Бердыбаева Меруерт

Старший специалист

Департамент общественных связей

АО «Казкоммерцбанк»

2. Халық Банкінің PR-қызметі хабарлайды: «Директорлар кеңесі топ-менеджментке сыйақыны төлеу туралы шешімді дәстүрлі түрде наурыз-сәуір айында қабылдайды. Қазіргі уақытта бұл мәселелер бойынша жауап бере алмаймыз».

С уважением,

PR-служба

Департамента маркетинга и PR

Жауапты созбағандарына рахмет. Түсінікті. Ал қатеге толы, «шұбар-шұбар» мәтіндерге комментарий жасау артық...

Өткен жылдың қазан айында «365info» порталы еліміздегі ірі банктер жетекшілерінің кірістерін есептеп, мақала жариялады. Олар да банкирлердің ақпарат беруге құлықсыз екендеріне тоқталып, ашық жарияланған ақпараттарды әр түрлі көздерден жинап, өздері кесте жасаған. Мысалы, «Еуразиялық банк жетекшісінің орташа табысы 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 90 пайызға өскен.Сонымен бірге осы банктің директорлар кеңесінің 5 мүшесі орташа алғанда 182 млн теңгеден алған- деген байлам бар.

Жалпы өткен жылы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры басқарма мүшелерінің соған дейін алып келген  бонустарына жұртшылық наразы болғанда қор басшысы Өмірзақ Шөкеев, «бонус үш жалақының көлемінен аспайды, әрі 15 адамның бонусын қосып, үлкен соманы айту қайдан шыққан» - деп қарсы «наразылық» білдірген. Айтпақшы, қор төрағасының бонус алмайтынын компания ресми түрде хабарлап жүреді. 2015 жылы күздің соңында «жағдай ауыр, ешқандай пайда жоқ, биыл «Самұрық-Қазынада» ешкім бонус алмайды»- деп қосқан-ды. Әйтсе де оның мына сөзін де келтірсем:

«Топ-менеджерлердің бонустарын талқыға салу ыңғайсыз(ұят). Бұл инвестициялық климатқа тікелей әсер етеді. Онда бізге жұмыс істеуге кім келеді? Бізде әлемдік деңгейдегі менеджерлер істегенін қалаймыз ғой. Ал  бонустарын ақпарат құралдарында, парламентте талқылайтын болса, кім келеді дейсіз. Егер инвестициялық климатты жақсартқымыз келсе, ондай талқыларды доғару керек».

Әрине, жалақы, сыйақы көлемін талқылау этикетке жат. Бірақ тұрғындарының басым көбі ауқатты  тұрмайтын мемлекетте мемлекет ақшасы жұмсалатын шығындарды білу және ол ақылға сыйымсыз болса, үндемей отыра бермеу - ұят емес...