Еврей жеріндегі отты аймақта отандастарымыз қалып қойған. Ғаламторды
шарлаған осындай суыт хабарға бүкіл Қазақстан алаңдап отыр. Ал әлемнің алпауыт
әуе компаниялары ұшақтардың Тель-Авивке ұшпайтынын хабарлап, рейстерін кейінге
шегерді. Бұған Бен Гурион әуежайының оқ астында қалу қаупі жоғары екендігі
себеп болған. Таяуда ғана оның маңында бір зымыран жарылған еді.
Мыңдаған туристер қашып құтылуға тырысқанымен, Израиль аумағынан шыға алмай
әлекке түсуде. Арасында он бес шақты Қазақстан азаматы да бар. Олар Түркияға
ұша алмай жүр. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, отандастарымыз бүгін
кешке Түркияға жете алады. Еврей елінің өкілдері болса, ешқандай қауіп жоқ деп
сендіруге тырысады.
Израильдің ұлттық әуе тасымалдаушы компаниясы шаш етектен
шығынға батып отыр. Тіпті елдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяху АҚШ
билігінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Алайда Құрама Штаттардың федералдық әуе
қозғалысы басқармасы Израильге ұшақ жібермеу туралы шешімді бірінші болып
қабылдаған. Мемлекеттік департамент өкілдерінің мәліметіне сай, бұл ең алдымен
жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мәжбүрлі шара.
Мэри Харф, АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі:
Мемлекеттік департамент бұл шешімді еш өзгерте алмайды. Оны федералдық әуе
қозғалысы басқармасы қабылдады. Олар ең алдымен Америка азаматтарының
қауіпсіздігін ойлайды. Ал зымырандық шабуылдардың қауіпті екені сөзсіз.
Асан ҚАЛИАХМЕТ