Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысындағы "Құлан" кеден бекетінде дизель отыны мен жанармай тиелген 427 цистерна ұсталған

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2014
  • 1204

Жамбыл облысындағы бір ғана "Құлан" кеден бекетінде дизель отыны мен жанармай тиелген 427 цистерна ұсталған. Мұнай өнімдері контрабандасының бірнеше фактісі осы жылдың сәуір және мамыр айларында тіркелді. Кедендік бақылау комитетінің мәліметіне сай, осы фактілер бойынша қазақстандық он компанияға 1,6 миллиард теңгеден астам сомаға қылмыстық іс қозғалған. 

Ерден Жұма, ҚР Қаржы министрлігі КБК контрабандаға қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары:

2014 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасынан Кеден одағының кедендік аумағынан тыс дизель отыны мен жанармайды экспорттауға тыйым салынған. Осылайша, ұсталған мұнай өнімдері Қазақстан Республикасынан Қырғыз Республикасына экспортталуы мүмкін емес, осыған байланысты аталған тауарды кеден органдары ұстады.

Сондай-ақ, шілде айында "Қордай" кедендік бақылау бекетіне қарасты "Қарасу" бекетінің қызметкерлері Ресей Федерациясы азаматының басқаруындағы "Шевроле Нива" автокөлігін тексеру кезінде 25 келі героин тапқан. Жалпы ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында кеден органдарының қызметкерлері 47 келіге жуық есірткі заттарын тәркіледі. Оның ішінде 40 келі - героин, 4 келісі - гашиш және 1 келі кокаин алынған. Тауар сомасы 397 миллион теңгені құрады. Ал мемлекетке келтірілген залал 3 миллиард 665 миллион теңге. Бүгінде бұл сома өндірілді.

Жұрағат БАМАН