Русский Сайттың толық нұсқасы

Қырғыздармен су дауына арқау болып келген Көксай каналы енді толық иелігімізге өтті

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2014
  • 1607

Қырғыздармен жыл сайын су дауына арқау болып келген Көксай каналы енді толық иелігімізге өтті. Бұған дейін егіс науқаны кезінде екі елдің дихандары тіршілік нәріне таласып жататын. Өйткені Көксай каналының 12 шақырымдық құбыры Жамбыл облысы аумағындағы шаруаларға қырғыз жері арқылы жететін. Осыны пайдаланған айыр қалпақты ағайын қарымтаға жайылым жер сұраумен болды. Алайда бұл талабынан түк шықпағасын көршілер құбырды таспен бітеп тастайтын. Енді бұл дауға нүкте қойылды. Қомақты қаржыға өз жерімізден өтетін құбыр салынды. Шаруалар егістігін емін-еркін суаруды бастады. 

Бұл 50 жылдық тарихы бар Көксай каналының бас қондырғысы. Мұнда жылыстап ағып, жылғалап жеткен тау сулары келіп, ағысы күшті арнаны құрайды. Орташа жылдамдығы - секундына 9 метр. Ал осы Көксай каналының жаңадан жаңғыртылуының арқасында қырғыздарға тәуелді болудан құтылдық.

Көршіге кіріптар болмас үшін, Жуалы жерінен ұзындығы 22 шақырымдық құбыр салынды. Бұған дейін Көксай магистральді құбырының жартысы Қазақстанның, қалған бөлігі қырғыздардың иелігінде болған. Енді жер асты құбыры басы бүтін Жуалы дихандарына тиесілі. Былтыр күзде басталған жұмыстар нағыз науқан кезінде аяқталып отыр.

Батырбек Құлекеев, Жуалы ауданының әкімі:

Үкіметтен 5 млрд 400 млн теңге бөлініп, ол жұмыс басталған болатын. Бірақ жақсы құрылысшылар кездесті. Уақытында Экология министрлігі тендер өткізді. Жалпы екі мердігер жұмыс істеді. Тәулігіне 2 мың куб су келіп жатыр.

Сарқыраған суды егістігіне бұрған шаруалар қуанышты. «Зылиха» шаруа қожалығының басшысы Керімқұл Бегалиев енді былтырғыдай судан қысылмайтынына дән риза.

Керімқұл Бегалиев, «Зылиха» шаруа қожалығының басшысы:

Су келгелі 2-3 күннің жүзі болды. Мына 150 гектарга картоп ектік. Ал осы каналдың басынан біздің алқапқа дейін 50 шақты км болып отыр. Сол 50 шақты жерге өзіміздің су дер кезінде жетіп отырғанына біз өте қуанышты болып отырмыз.

Жуалы ауданында несібесін жерден терген 2 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Олардың 128-і Көксай каналының бойында. Ендігі жерде каналдың суы да, құбыр да біздікі болғандықтан, суды керісінше қырғыздар сұрай бастапты.

Дәулет Нұрабаев, ҚР ҚОСРМ "ҚазСушар" РМК Жамбыл филиалы "Ақсай" өндірістік бөлімінің бастығы:

Қырғыз ағайын су сұрап отыр. Водопой ретінде қазір суымызды беріп тұрмыз. - Қанша литр? - 100 литр секундына және малына су беріп отырмыз. - Оны азсынып отырған жоқ па? - Азсынып отыр. Енді бұл кісілердің сұранысы 300-400 литр. Енді екі мемлекет аралық келісімімен бер десе, береміз.

Көксай каналының қасынан қосымша су реттеуіш бассейнінің құрылысы жүруде. Ол нысан Көксай кемерінен асқан жағдайда немесе тау суының тапшылығы кезінде арналарды тіршілік нәрімен толтырмақ. Ал Жуалы өңірінің дихандары судың молдығын пайданалып, өнім көлемін арттыруды алдарына міндет етіп қойып отыр. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ