Астанадағы «Қамқор» автобазары сүріледі. Оның маңындағы оншақты тұрғын үй
де құлатылмақ. Бұған Бейсеков көшесіне жоспарланған сегіз бағытты трасса
құрылысы себеп болып отыр. Бұл жайында «Астана» телеарнасының тілшілеріне
жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы мәлімдеді.
Бірақ шенеунік баспаналары «қызыл сызыққа» ілінген тұрғындарға берілетін
өтемақы көлемін нақтыламады. Тұрғындар осыған алаңдап отыр.
Төлеген Ізембаев, Астана қаласының тұрғыны:
Көпқабатты үйлердегі пәтерлерге барғымыз келмейді. Төрт қабырғаға
қамалғымыз жоқ. Мен өмір бойы 2 қабатты үй салуды армандадым. Балаларыма
баспана қалсын деп. Енді оларға үй берсін деген талап қоямын.
Төлеген Ізембаев Астанада 20 жылдан бері тұрады. Зейнетке шыққан ол
балалары мен немерелеріне үй салуды бастаған. Бірақ жұмсаған қаржысы мен
қажырлы еңбегі далаға кетті. Автобан құрылысына байланысты келер жылы Бейсеков
көшесі бойындағы бірнеше үй жермен жексен етілмек.
Ал базар басшылығы болса,
жергілікті билікпен арадағы мәселені шешкенін айтады. Жаңа сауда орталығының
құрылысына әкімдік жер бөлген. Енді жуық арада өтемақыны да төлеуі тиіс.
Тимур Оразақов, «Қамқор» автобазарының директоры:
Сот аяқталды. Біз шешіммен келістік. Бар талаптарды әкімнің өзімен
сөйлестік. Тәркілеу сатып алу негізінде жүргізілуде. Қазір бізге 3 га жер
телімі берілді. Онда техникалық қызмет көрсету станциясы мен қосалқы
бөлшектерді сататын үлкен сауда орталығының жобалау жұмыстары басталған.
Базарды жалға алушылар Көктал ауданындағы жаңа жерге көшірілмек. Сауда
алаңы алдағы бірнеше жылда салынады. «Қамқордың» басшылары екі жүзге жуық
саудагердің бірде-бірі далада қалмайды деп сендірді. Базар келесі жылдың
ортасында бұзылады. Болашақта бұл аумақта бас жоспарға сәйкес, сегіз бағытты
магистраль пайда болмақ.
Рашид Аманжолов, Астана қалалық жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Бейсеков көшесін
Тілендиев даңғылынан Ақжол көшесіне дейін жаңғыртатын боламыз. Жеке тұрғын
үйлер сүріледі. Бағалау қорытындысы немесе сот шешіміне сәйкес өтемақы
төленеді.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ