Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ақтөбе» тбилисилік «Динамоны» 4:0 есебімен жеңді

  • AstanaTV
  • 24 шілде 2014
  • 1313

«Ақтөбе» тбилисилік «Динамоны» тізе бүктірді. Қос кездесудің қорытынды есебі 4:0. Қазақстандықтар өз алаңында қарсыластарын ірі есеппен ұтты. Ойын алдындағы баспасөз мәслихатында бапкерлер бұл текетірестің нүктесі Ақтөбеде қойылады деген болатын. Сондықтан алаң иелері де, қонақтар да кездесудің алғашқы минуттарында сақтықпен әрекет етуге тырысты. Қорғанысқа баса көңіл бөлген отандастарымыздың 20-шы минутта есеп ашуға мүмкіндігі болған.

Бірақ әуелете берілген бұрыштама добына шабуылшылар жете алмады. Жеңіске жетуді көздеген қонақтар екінші таймда шабуылға ден қойып, қорғаныста қателіктерге жол берген. Ұрымтал сәтті пайдаланған Алексей Антонов 75-ші минутта есеп ашты. Алты минут өткенде Игорь Зенькович есепті еселесе, жергілікті футбол түлегі Абат Аймбетов қосымша уақытта есепті 3-те 0-ге жеткізді. 

Жанкүйерлерге лық толы орталық стадионның сыртында да футболсүйер қауым көптеп жиналды. 13-сектор фанаттар бірлестігі стадионнан табылмасақ та, командамен біргеміз деп, ойыншыларға алаң сыртынан қолдау көрсетті. «Ақтөбенің» 12-ойыншысы бола білді. Ойын соңындағы баспасөз мәслихатында Владимир Газзаев көрермендерге алғыс білдіріп, ортақ жеңіспен құттықтады. 

Владимир Газзаев, «Ақтөбе» ФК бас бапкері: 

Барлық жанкүйерлерімізді осы жеңіспен құттықтаймын. Мұндай қолдау болғанда, команданың жеңіске жетуі заңды деп ойлаймын. Әрине, ойыншылардың еңбегін атап өтпеуге болмайды. Барлығы жанын салып ойнады. Қорытынды есепке де, жалпы ойынның өту барысына да көңілім толды.

Мансұр ЕСҚОЖИН