Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлық тасымал компаниялары жолақыны көтеруді ұсынды

  • AstanaTV
  • 25 шілде 2014
  • 948

"Жолақы қымбаттасын". Еліміздің бірқатар аймақтарында тасымалдаушылар осындай мәселе көтеріп жатыр. Павлодарлық тасымал компаниялары жолақыны 10 теңгеге көтеруді ұсынды. Бұған бірнеше себеп бар. Бастысы -қосалқы бөлшектер бағасының өсуі мен теңгенің құлдырауы. Тарифті көтеру мәселесі қалалық мәслихат депутаттарының да талқысына түсті. Қоғамдық көлік қожайындары жағдайдың күрделі екенін айтып, ақталуда. "Қосымша 10 теңге жолаушылардың қалтасын қатты қаға қоймайды", - деп отыр.

Қазақстан бойынша ең төменгі тариф Керекуде екенін алға тартқан автопарк басшылары жолақының өз құны қолданыстағы бағадан жоғары. "Бүгінгі бағамен тасымалдаушылар шығынға батып жатыр", - дейді. Сондықтан олар тарифті 60-65 теңгеге жеткізуді сұрап отыр. Ал жергілікті әкімдік өкілдері қымбаттаудың жанар-жағармай бағасының өсуіне еш қатысы жоқ дегенді алға тартты. Қазір Павлодарда автобустың жолақысы 50 теңге, бағыттағы такси 60 теңге тұрады.

Нұрлан Сәрсембинов, «№1 автобус паркі» ЖШС директоры:

Мамырдың 5-інде жанар-жағармай құны 20 процентке қымбаттады. Бұл бізге ауыр тигені анық. Дәл қазір шара қолданбасақ, алдағы жағдайдың қалай болатынын айтудың өзі қиын. Жүргізушілер жұмыстан кетіп жатыр. Өйткені кіріс деген жоқ.

Ал петропавлдық тасымалдаушылар жолақыны бірден 92 теңгеге көтеруді талап етуде. Мұнда да тариф 50 теңге. "Алайда ол шығынды жаппайды, әсіресе жүргізушілер үшін тиімсіз", - дейді  қоғамдық көлік иелері. Тасымалдаушылар қосалқы бөлшектер мен қажет материалдар бағасының өсіп кеткенін негізге алған. Сондай-ақ, еңбекақының төмендігі мен сапасыз қызмет көрсету де тарифті қайта қарауға себеп болды. Айта кету керек, Петропавл қаласында жолаушыларды тасымалдау ісімен 10 кәсіпорын айналысады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ