Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысында мал арасынан індет шықты

  • AstanaTV
  • 25 шілде 2014
  • 1757

«Төрт түліктің арасында белгісіз ауру белең алды». Жамбыл облысы Жамбыл ауданының шаруалары осылай деп дабыл қағуда. Ауру ошағы өршіп барады деген ауылдағы ағайын жұрттың несиеге алған малы бірінен соң бірі өліп жатқанына ашынады. Мамандар болса, "төрт түлік індетке ұшырады деген сөз шындыққа жанаспайды" деп отыр. Керісінше, «малың күтімсіздіктен өлген» деп кінәні шаруаларға жапқысы келеді. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады. 

Мінекей, біздің бағып отырған малымыз кешегі, бүгін итке өлексе боп отыр.  

Жеке шаруашылық иесі Жандос Әлиев былтыр 3 млн теңгеге 30 бұқа алған. Ірі қарадан пайда көрем бе дегенде, белгісіз аурудан бір күнде бес бұқасы қырылып қалды. Мамандар мұның қандай дерт екенін анықтай алмады.

Жандос Әлиев, шаруа:

Бір сиырдың басына 10 мыңдай шығын кетті. Неше түрлі қымбат дәрілер, оның бәрін бізге ешкім бермейді тегін. Ветеринарлар да, басқалар да ешқандай себеп таба алмады. Бас аяғы менің 5 малым өлді. Өздері құны 100 мыңның бұқалары еді.

Шаш етектен шығындалдым деген шаруа өлген малдарына өтемақы сұрап отыр. Төлеуге тиісті несиенің үстемесін былай қойғанда, жарты миллион теңгесінің желге ұшқанына күйінеді.

Жандос Әлиев, шаруа:

Малмен тіршілік істеп, нанымызды тауып жеп отырған адамдармыз. Сондықтан мемлекеттен сұранарымыз, осындай ойда жоқта болған жағдайға көмек бере ала ма екен? Өзіміз кредитпен жұмыс жасап, оңай тиіп жатқан жоқ бізге де.

Ауданның бас мал дәрігері ауру жайылым жердің жоқтығы мен кененің шағуынан болуы мүмкін дейді. «Малға дұрыс қарамаған» деп шаруаларды кінәлаған шенеунік өтемақы төленбейді деп кесті.

Тазабек Өмірбеков, Жамбыл ауданы әкімдігі ветеринария бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

Бірен-саран жаңағы сарыбезгек аурулары кездесіп жатыр. Бірақ жалпы жаппай жоқ. Жаппай болатын болса, тұрғындардан шағым түседі. Әзірше шағым жоқ, бірен-саран. Үкімет тарапынан 407-қаулы бар аса қауіпті ауруларға ғана төленеді. Мынандай жұқпалы емес аруларға төленбейді.

Көршілес Айша бибі ауылында жеке шаруаның 50-ден астам ұсақ малы құрт аурынан қырылып қалған. Мұнда да мал иесі дәрігерлер дер кезінде сырқаттың себебін анықтамады деп ашынады.

Қанат Еркебаев, Айша Бибі ауылының тұрғыны:

Ешқандай көмек болмай жатыр. Адам құрлы көрмейді. Шақырсаң, өлсе, сенің малың өліп жатыр, малың сақтандырылмаған ба деп, дікең-дікең етеді жап-жас балалар.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Ал мал мамандары аурудың адамға жұпайтынын айтады. Жыл басында жұқпалы аруларға деп облыс бюджетінен арнайы 80 млн теңге қаржы бөлініпті. Ол өз мақсатында жұмсалды, жұқпалар жоқ дейді. Сондықтан аудандағы аурудың ахуалына жеке шаруалар жауапты деп отыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ