Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның соңғы басқосуында аймақтар өз жұмыстарының нәтижесін жариялады

  • AstanaTV
  • 25 шілде 2014
  • 1341

Келешекте ЮНЕСКО-ның жұмысын қолына алатын жастарды қазірден бастап ұйымның істеріне араластыру керек. Және әр елдегі штабтар арасында бәсекелестік емес, бірлік болуы шарт. Себебі мақсат-мұрат бір. ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиялардың бірінші аймақаралық кеңесіне қатысушылар осындай ой түйді. Қазақстанда алғаш өткен жиынның соңғы басқосуында барлық аймақтар өз жұмыстарының нәтижесін жариялап, есеп берді.

Ұлттық комиссиялардың өз порталы болуы қажет. Әлеуметтік желілердегі байланысты нығайту арқылы, бірлескен жобалар жасап әріптестікті күшейтеміз. Қорытынды жиында жарияланған шешімдердің бірі осы. Сондай-ақ, кеңесте өзге де күрмеулі мәселелер талқыланды.

Әсел Өтегенова, ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның Қазақстандағы бас хатшысы:

Әр елде ұлттық комиссияның жағдайы әр түрлі. Бірінде қаржылық жетіспеушілік болса, бірінде мемлекеттен қолдау жоқ. Аймақтық кеңсесі жоқ өкілдер де бар. 3 күн бойы осы мәселелерді шешу жолдары айтылды. Сондай-ақ, тұрақты даму, климат, бүгінгі экология проблемалары да талқыға салынды. Қуантарлығы 125 елден келген өкілдің барлығы да белсенділік танытты. Мұндай басқосу келесі жылдары да жалғасын табады деп ойлаймыз.

Аяо Акоете, ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның Тогодағы бас хатшысы \Африка\:

Африка елдері аймақтардағы штаб пәтерлеріне жарнама жасау керек деген ұсыныс айтты. Себебі танымалдылық біздің жұмысымызға аса қажет. Және де интернет сайттарда, журналдарда біздің жұмыстар жарияланса, мақсатымызға жету жеңіл болар еді.

ЮНЕСКО тізіміне тарихи құндылықтарды енгізу жайына да ерекше мән берілді. Әр елдегі Ұлттық комиссиялар өзара тәжірибе алмасып, байланысты нығайту үшін, ғаламтор арқылы іске асатын арнайы жобалар әзірлейміз деп шешті. Ал басқосауға келгендер Қазақстанға алғысын былайша білдірді.

3 күн бойғы пікірталастар нәтижесінде шығарылған шешімдер ЮНЕСКО-ның Париждегі бас кеңсесіне қарауға жіберіледі. Ал алқалы жиын қатысушылар айтылған ұсыныстар мен жобалар қағаз күйінде қалып қоймас деген үмітте.

Ресми жиын аяқталған соң, қонақтар Қазақстанның Ұлттық мұражайын аралап, еліміздің мәдени құндылықтарымен танысты.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ