Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада «Астана-2014» XVI Халықаралық авторлық әндер фестивалі өтті

  • AstanaTV
  • 28 шілде 2014
  • 2120

Бард әншілер Астанада бас қосты. Өткен демалыс күндері Елордада «Астана-2014» XVI Халықаралық авторлық әндер фестивалі өтті. Бұл шараға мың жарымға жуық бард әнші қатысты. Фестивальге Ресей мен Қазақстанның бірнеше аймағынан өнерпаздар келген. 3 күнге жалғасқан фестивальде ескі әндер әуеледі. Сондай-ақ, әнсүйер қауым сиясы кеппеген жаңа дүниелерді де сүйсіне тыңдады.

Табиғат аясында шатыр құрып, жанды дауыста ән тыңдау. Бұл тек бард әншілер фестиваліне тән ерекшелік. ТМД елдері арасында зор маңызға ие бұл шараның өткізіліп келе жатқанына 35 жыл. Ал соңғы 15 жылда халықаралық дәрежеге ие болды. Бұрын шағын отырыстарда айтылатын авторлық әндердің бүгінде орындаушысы да, тыңдаушысы да көп.

Мақсат Сәрсенбеков, «Астана-2014» XVI Халықаралық авторлық әндер фестивалінің ұйымдастырушысы:

Қаладағы қарбаластан шаршаған адамдар осында келіп нағыз музыканы, таза поэзияны жанды дауыста тыңдап демалады. Жыл сайын фестивальге қызығушылық танытатындар көбеюде. Бард стилінде жақсы әндер шығарып, орындап жүрген талантты жастар да өсіп келеді. 

Әндер түрлі тақырыпқа арналған. Көбіне гитарамен орындалатын шығармаларда студенттік өмірді, жастық жақсы еске алу, аңсау сезімі басым. Биылғы фестивальге Ресейдің Свердловск, Омбы, Челябі, Новосібір қалаларынан, сондай-ақ еліміздің Ақтөбе, Қарағанды, Алматы шаһарынан да өнерпаздар келді.

Жеңіс Ысқақов, фестивальге қатысушы:

Бұл - біздің әндер. Мұнда ешқандай пафос жоқ, жүректен шығады. Біз оларды жақсы көреміз, осы әндермен өсеміз. Өз әндерімді 14 жасымнан орындай бастадым. Бұл фестиваль басталғалы, бірде бір рет қалған емеспін. Биыл да отбасыммен бірге Омбыдан арнайы келдім. 

3 күнге жалғасқан фестивальде ескі әндермен қатар, сиясы кеппеген су жаңа авторлық әндер де орындалды. Ал үздік орындаушылар саналатын Михаил Щербаков пен Юлий Кимнің келіп ән салуы тыңдармандарға тосынсый болды.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ