«Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарлама жасады. Жоба
2015-2025 жылдарды қамтыған. Айта кетейік, «Қазақстан-2050» стратегиясында
жемқорлықпен күреске ерекше назар аударылған. Осының негізінде жасалған құжат
қазір жер-жерде, қоғам өкілдері арасында талқылануда. Белсенді топ жаңа жобаны
қалай қабылдады? Абзал Құрманкин осы сауалға жауап іздеп көрді.
Астанада жасалған бағдарлама алдымен министрлік үйінде, жергілікті мәслихат
депутаттары мен бірқатар министрліктердің өкілдері бас қосқан жиында талқыға
түсті. Жиналғандар өз пікірлерін ортаға салды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
бағдарламасының салмағы ауыр. "Бармақ басты, көз қыстылықты" жоюмен
қатар, оның алдын алуға ерекше көңіл бөлінбек.
Қуатжан Уәлиев, ҚР Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы:
Мұндай бағдарлама біздің қоғам үшін өте керек. Өйткені сыбайлас
жемқорлыққа қарсы күрес дүниежүзінде жүріп жатыр. Елбасымыз айтқан сияқты,
сыбайлас жемқорлықпен күресу - бұл әркімнің және бүкіл қоғамның жұмысы. Қоғамда
осындай күреске әркім қатысатын болса, онда осындай қауіппен, осындай залалмен
күресу жеңілірек болады.
Жаңа құжатты бастауыш партия ұйымдары қызу талқылады. Бағдарламаның
тетіктерін қаузаған Астана қалалық №1 автобус паркінің қызметкерлері,
«жемқорлықсыз ел - жарқын болашақтың кепілі» болатынына сенеді.
Дәурен Ұлықпанов, «Нұр Отан» партиясы Астана қаласы Алматы аудандық
филиалының кеңесшісі:
Жемқорлық біздің еліміздің дамуына өзінің кері әсерін береді. Сондықтан
біздің партия ұйымының мүшелері бұл жағдайды болдырмау үшін, еліміздің
өркендеуі үшін өзінің үлесін қосады деп ойлаймын.
Жемқорлықты жоюдың жаңа жобасына байланысты өзінің келелі ойлары мен
кесімді пікірлерін Қызылжардағы нұротандықтар да айтты. Соңғы 2 аптада мұндағы
бастауыш партия ұйымдарында 25 жиын өткізілді.
Николай Ухов, «Нұр Отан» партиясы Петропавл қ. филиалы сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл бойынша қоғамдық кеңес төрағасы:
Қазір біздің кеңес жемқорлықтың алдын алуға мейілінше көбірек назар
аудармақ. Параға жол берген кісі бас бостандығынан айырылып, қоғамға түк те
пайдасын әкелмейді. Ал егер де азаматты әу-бастан оң жолмен жүруге тәрбиелесек,
онда ол теріс әрекеттерге бет бұрмай, елдің дамуына барын салады.
Ал Петропавлдың құрметті азаматы Григорий Кухарьдің пайымдауынша, қоғамда
әділдік қалыптастыру керек. Сол кезде жең ұшынан жалғасқан жемқорлық болмайды.
Григорий Кухарь, «Нұр Отан» партиясы Петропавл қалалық филиалы саяси
кеңесінің бюро мүшесі:
Бәз біреулер сыбайлас жемқорлық елімізде 13-15 пайызға төмендеді деген
ақпар таратады. Бірақ бұл көрсеткіштер шындықпен сәл сәйкес келмейді. Қазір
балаңды балабақшаға беру үшін, біреуге ақша беру керек. Бұны бәрі біледі.
Қорықпай, осыны жария еткен дұрыс. Бұған бала кезден бастап тәрбиелеу керек.
Жаңа бағдарлама көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге де бағытталған.
Бұл орайда кәсіпорындардағы күмәнді істерді бақылап отыратын бастауыш партия
ұйымдарының рөлі зор.
Абзал ҚҰРМАНКИН