Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда жаттығу кезінде қаза тапқан жас спортшының денесі медициналық сараптамаға жіберілді

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2014
  • 1578

Павлодарда жаттығу кезінде қаза тапқан жас спортшының денесі медициналық сараптамаға жіберілді. Қазақстан футбол федерациясының өкілдері бұл оқиғаға шынығу жаттығуларының әсер етпегенін айтып, ақталуда. Сөздеріне сенсек, жаттығу барысында ағзаға ауырлық түсті деуге ешқандай негіз жоқ көрінеді.

Марина Быкова, «Ертіс» футбол академиясының дәрігері:

Әр жаттығу алдында балалардың жағдайы жіті қадағаланады. Егер ауырып тұрған бала болса, маған келіп тексеріледі. Сырқат балғындарды жаттығуға жібермейміз. Біздегі бұлжымайтын талап осы.

Оқиға 29 шілдеде болды. Күнделікті жаттығуға келген 15 жасар бозбала сол күні денсаулығына шағымданбаған. Аяқ астынан есінен танып құлаған Әділге бірден спорттық дәрігер көмекке келеді. Жаттықтырушы да қарап қалмағанын айтады. Алғашқы медициналық жәрдем беріп, жасанды тыныс алдырған. Бірақ жеткіншектің қан қысымы төмендеп, жүрегі тоқтап қалады. Куәгерлер дереу жәдел жәрдем қызметіне хабарласқан. "Алайда 15 минуттен кейін жеткен медициналық бригадада тиісті құрал-жабдық болмады", - дейді жаттықтырушылар.

Николай Раздобутько, Қазақстан футбол федерациясының техникалық директоры:

Қарапайым жедел жәрдем келді. Меніңше, жаттықтырушылардың берген ақпаратынан кейін реанимобиль келуі керек еді. Қысымы 40-қа түсіп кетті, жүрек соғысы жоқ деп жаттықтырушылар телефонмен бірнеше рет айтты ғой.

Әділ Жолдасбеков футбол ойнаумен 2011 жылдан бері айналысқан. Жаттықтырушылар осы уақыт аралығында оның жақсы нәтиже көрсеткенін айтады. Денсаулығы да жақсы болатын дейді. Кешенді медициналық тексеруден ақпан айында өткен балаға спортпен шұғылдануға рұқсат берілген. Қазір оның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Тексеру қорытындысы ғана өлімнің себебін нақтыламақ. Жаттығу алаңында спортшылардың кенеттен көз жұмуы Керекуде осыған дейін де тіркелді. Мамыр айында Екібастұзда 14 жасар боксшы Қуаныш Жұмабай дайындық үстінде жарақат алып, артынша көз жұмған.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ