Таяу Шығыста респираторлық коронавирус өршіп тұр. Бұл
індет Сауд Арабиясын да айналып өтпеді. Осы жағдайға байланысты отандастарымыз
қажылық сапарға аттанғанда, сақ болғаны жөн. Қазақстанның бас санитар дәрігері
тұрғындарды осыған шақырды.
Жандарбек Бекшиннің келтірген мәліметтеріне
сәйкес, бұл дерттің әлем бойынша 575 фактісі тіркеліп, оның 202-сі өліммен
аяқталған. Қазіргі таңда аталған дерт шығыс елдерімен қатар Еуропа мен АҚШ-та
да тіркеліп отыр.
Ал Сауд Арабиясында бактериалдық менингит бойынша қолайсыз
жағдай туындаған. Осыған орай Араб елінің билігі қасиетті парызын өтеуге келуші
азаматтардан міндетті түрде менингококк инфекциясы мен тұмауға қарсы екпелердің
болуын талап етіп отырған көрінеді.
Жандарбек Бекшин, ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының
міндетін уақытша атқарушы:
Біз қажылық жасауға тыйым салмаймыз, алайда халықты қазіргі жағдайға
байланысты мүмкіндігінше биылғы сапардан бас тарту немесе жылдың басқа
мезгіліне ауыстыруға шақырамыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы карантин
жариялаған жоқ, бірақ жағдайды тым күрделі деп есептейді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ