Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұзақбай Қарабалин Қашағанда мұнай өндірілуі ықтимал екі мерзімді атады

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2014
  • 1311

Қашағандағы өндіріс екі жылдан соң ғана жандануы ықтимал. Әзірге болжамды мерзімнің екі нұсқасы бар. Алғашқысына сәйкес, кен орнындағы мұнайды игеру 2016 жылдың бірінші жартыжылдығына тура келеді. Ал екінші нұсқаға жүгінсек, сол жылдың екінші жартысына дөп келуі мүмкін. Бұл туралы еліміздің Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді. Оның айтуынша, мердігерлер газ және мұнай құбырларын алмастыру жұмысымен айналысуда. 

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Мердiгер талдау жүргiзiп, газ және мұнай құбырларын толығымен ауыстыру керек деген шешімге келді. Осы мақсатта 200 шақырым құбыр сатып алынды. Жарықшалары бар құбырларды толығымен алмастыру жүріп жатыр.

Сондай-ақ, министр тамыз айының соңына дейiн жанармай және дизель отынының құны өзгерiссiз қалатынын айтты. «Жанармай бағасын түзету мәселесi ай сайын үкіметте талқыланып келеді. Дегенмен, бүгінде бензиннің құны өзгермегендігін өздеріңіз көріп отырсыздар», - деді Қарабалин. Бұған қоса министр 2017 жылға қарай Қазақстан толығымен еуростандартты бензинге көшетінін жеткізді.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Қазіргі таңда қазақстандық үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл 2016 жылы аяқталады деп күтіліп отыр. Нәтижесінде 2017-2022 жылдары Қазақстан толығымен Еуро-4, Еуро-5 стандарттарындағы бензинмен, дизельдік отынмен, авиакеросинмен қамтамасыз етілетін болады.

Жұрағат БАМАН