Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда кәсіпкер жанармай бекетін салу үшін тоғайды отап жатыр

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2014
  • 1657

«Жасыл-желекті отап, орнына жанармай бекетін салуға қарсымыз!». Таразда бүтін бір ықшамаудан тұрғындары осылай деп наразылық білдірді. Олардың айтуынша, сырттан келген кәсіпкер табиғи маңызы зор тоғайды табыс көзіне айналдырмақ. Сорақысы сол, жанар-жағармай бекетін саламын деп ағаштарды отап тастады. Кәсіпкер болса, бұл әрекетім заңды, құжаттарым толық деп отыр. Тараптарды тыңдап қайтқан Данияр Әлімқұл тақырыпты сабақтайды.

Жұрт жасыл алқапты жойып жатқанына жылайды. Мінекей, саялы ағаштар сұлап жатыр. Ал бұл ағаштары араланған аумақ - 40 жылдан бері халық қыдыратын саябақ болып келеді.

- Документов у вас нет. - Нет у нас документы есть на вырубки. Подождите, подождите, я исполнитель. Ко мне какие претензии? Я не могу понять ?

Тоғай 2 гектар аумақты алып жатыр. Соның 30 соттығына жанар-жағармай бекеті салынбақ. Құрылыс орнындағы ағаштар бірер күнде тып-типыл болатын түрі бар. 

Әзиза Дәулетова, Тараз қаласының тұрғыны:

Не деген сұмдық? Ана жерде садик салып жатыр. Садиктің қасынан заправка салып жатыр. Айналдырған 2-3 гектар жерде, ол ұят емес пе? Қайта егу керек талды. Неге қырқасыңдар? Біздің отыратын демалыс орындарымыз. Балаларымыз демалады, неге халықты аямайсыңдар?

Галина Межевихина, Тараз қаласының тұрғыны:

Біз қарсымыз жанармай бекетіне. Ол салынса, бітті дей беріңіз, балалардың, біздің денсаулығымызға зиян. Өзіміз зейнеткер болғандықтан, анау жақтағы өзенге барып демалуды жағдайымыз көтермейді. Сондықтан біз көбіне осы тоғайға келеміз. 

Тәуелсіз эколог Рауф Сабитовтың айтуынша, тоғайда сирек кездесетін құстар тіршілік етеді. Мәселен, қыс мезгілінде тоғай іші ақ құтандарға толады. Сондықтан табиғат жанашыры адамдар демалатын орынға қандай да бір құрылыс жүргізу үшін, халықпен санасуы керек еді деп отыр. 

Рауф Сабитов, тәуелсіз эколог:

Біле білсеңіз, бұл Таразда сақталып қалған жалғыз ғана тоғай. Ағаштардың орташа жасы 40 жылды құрайды. Балабақшаны 2 айда салуға болады. Жанармай бекетін 1 айда бітіресің. Ал мұндай шағын орманды жайқалтуға бірнеше ондаған жыл керек. 

Жарты ғасырға жуық жайқалған тоғай ішінде былтыр 14 түп ағаш оталған. Енді тағы 33 түп ағашты кесуге қалалық әкімдік рұқсатын берді дейді кәсіпкер. Тіпті арнайы комиссия құрылып, ортақ шешім шығарылғанын жеткізді. Бұл жерді жеке меншігіне бір жыл бұрын алған азамат жұмыс тоқтамайды деп кесіп айтты. 

Ермек Сакишев, кәсіпкер:

Барлық құжаттарымыз бар. Ағаш кесуге де рұқсат алғанбыз. Өйткені бұл жеке меншігіміздегі жер. Бүгінгі таңда Тараздың нарығына кірмек ойымыз бар. Сол үшін еуро 5 стандартымен 3 колонкалы 6 көлік сиятын жанармай бекетін саламыз. 30 адам жұмыс істейтін болады. 

Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін әкімдікке хабарласқан едік. Атқамінерлер жауап беруден бас тартты. Есесіне, кәсіпкер жігіт оталған ағаштардың орнын жақын арада толтырамын деп уәде етті. Ал жергілікті тұрғындар өзге облыстан келген кәсіпкердің бұл сөзіне аса сеніп отырған жоқ. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ