Русский Сайттың толық нұсқасы

Рудныйлық жеті жасар Виктория Ганяның өліміне қатысты күдіктіге әлі айып тағылған жоқ

  • AstanaTV
  • 31 шілде 2014
  • 1473

Рудныйлық жеті жасар Виктория Ганяның өліміне қатысы бар деп тұтқындалған күдіктіге әлі айып тағылған жоқ. Бұл туралы Қостанай облысының прокуроры Марат Қайыпжанов мәлімдеді.

Естеріңізге салайық, екі апта бұрын қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 19 жастағы азамат қамауға алынған. Рудный қаласындағы бейімдеу орталығын паналап келген ол полицейлерді көргенде қашуға әрекеттенеді. Кейін тәртіп сақшыларымен сөйлесуден бас тартқан. Күдіктінің жүйке ауруына шалдығуына орай, оған қатысты тергеу психологтың қатысуымен өткізілді.

Ал 28 шілде күні Рудный қалалық соты жаңа қаулы шығарды. Оған сәйкес күдіктіге стационарлық кешенді сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Аталған сараптама Алматыдағы психотерапия ғылыми-тәжірибелік орталығында өткізілмек.

Марат Қайыпжанов, Қостанай облысының прокуроры:

Күдіктінің келбеті фотосұлбаға ұқсас болғаны үшін айып тағылмайды ғой. Сондай-ақ куәгерлер таныды деп, немесе күдікті өз кінәсін мойындады деп, тағы айыптай алмаймыз. Қылмыстың бетін толыққанды ашу үшін, сот сараптамасының нәтижесін күтеміз.

Заңғар САНАЙ