Русский Сайттың толық нұсқасы

Кәсіпкерлердің Түркияға сапары Қазақстанға 500 миллион доллардан астам инвестиция әкеледі

  • AstanaTV
  • 31 шілде 2014
  • 1577

Оңтүстік қазақстандық кәсіпкерлердің Түркияға сапары Қазақстанға 500 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция әкеледі. Аталмыш қаржы көлемі екі елдің бизнес өкілдері арасында жүргізілген келіссөздер барысында анықталды. Сондай-ақ 30-дан астам біріккен кәсіпорын ашу туралы келісім жасалды. Алдағы уақытта түркиялық ірі кәсіпкерлердің облысқа сапары жоспарланған. 

Түркияға іскерлік сапар шілденің 13-і мен 19-ы аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті. Бауырлас елдің өнеркәсібі дамыған Ыстамбұл, Измир және Денизли қалаларында Түркия мен оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер арасында бизнес форумдар ұйымдастырылды.

Сапарбек Тұяқбаев, ОҚО әкімінің орынбасары:

Арнайы экономикалық аймақтың ортақ басқарушы компания құру бойынша келісімге келген болатынбыз өткен кездесуімізде. Сол компаниямен тағы кездесу болады. Олардың айтып отырғаны, арнайы экономикалық аймақтың ауқымын кеңейту. Тек қана текстильмен шектелмеңдер, басқа да салаларды кіргізейік деген ұсыныстар болып жатыр.

Азық-түлік, тоқыма және жеңіл өнеркәсіптерде, машина құрастыру мен фармацевтика, туризм салаларында ірі келісімдерге қол жеткізілді. Мәселен, «Форелли» маркалы аяқ киім фабрикасының құрылысы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асатын болады. Бұл компания Түркиядағы аяқ киім шығаратын ең үздік өндіріс орындарының ондығына кіреді.

Хакан Демиржи «FORELLI» компаниясының өкілі:

Бүгінгі форумда Қазақстанда шетелдік инвесторларға жасалып жатқан жағдайлар туралы ақпарат алдық. Елдеріңіздегі салық төлемдерінің шарттары ұнады. Ендігі кезекте Оңтүстік Қазақстан облысында аяқ киім шығаратын біріккен кәсіпорын ашу жоспарда тұр. Бұл бағыт бойынша оңтүстік қазақстандық кәсіпкерлермен келіссөздер жүргіздік. Бірігіп бастаған ісіміз оң нәтиже береді деп ойлаймын.

Іскерлік кездесулер қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында жалпы сомасы 511 миллион АҚШ долларын құрайтын 30-дан астам біріккен кәсіпорын ашу туралы келісім жасалды. Тамыз-қыркүйек айларында түркиялық ірі кәсіпкерлердің облысқа сапары жоспарланған. Сол кезде шетелдік делегаттар мен оңтүстік қазақстандық бизнес өкілдері өзге де бірлескен өндіріс орындарын ашу мүмкіндігін қарастырмақ.

Т.АМАНАЛИЕВА