Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда өндірісте болған өрттен екі адам қаза тауып, үш адам жарақаттанды

  • AstanaTV
  • 05 қаңтар 2016
  • 1490

Керекуде өндірісте болған өрттен екі адам қаза тапты. Олар зауыттың 1977, 1991 жылғы жұмыскерлері екені белгілі болды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпарына сәйкес, «Нефтехим ЛТД» кәсіпорнының полипропилен сақтайтын цехында тілсіз жау кеше кеш қарая тұтанған. Қызыл жалын 150 шаршы метр аумақты жалмап үлгерген. Жеке құрамның 30 өрт сөндірушісі мен тоғыз техниканың арқасында өрт екі сағаттың ішінде ауыздықталған. Бүгінде өрттің шығу салдары мен шығын көлемі анықталып жатыр.

Асқар Әлібеков, Павлодар облыстық ТЖД өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметінің басшысы:

Қазіргі таңда ІІД мен ТЖД құрылған комиссия және сол мекеменің қызметкерлерінен бірге құрылған комиссия сол жерді қарап, тексеріп, өрттің себебін, қандай шығын болғанын анықтап жатыр.

Өрттен тағы 3 адам зардап шекті. Олар қалалық №1 ауруханасына шұғыл жеткізілді. Екеуі ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы әлі де күрделі. Денелерінің 25, 40, 45 пайызы күйген. Соңғысының тыныс алу жүйесін күйік шалған.

Марат Қанжығалин, Павлодар қалалық №1 ауруханасы күйік бөлімшесінің меңгерушісі:

Жағдайлары ауыр. Медициналық көрсеткіштер бойынша, екі азаматты қатты күйік шалған, екеуі де «шок» жағдайында. Бүгінде тиісті ем-дом жасалып жатыр. Емдеу шарасына облыстың білікті мамандары да жұмылдырылды. Астанадан ұшақ шақырттық. Күйік деңгейі ауыр қос пациентті Елордаға жіберіп қалуымыз мүмкін.

Осы оқиғаға қатысты облыстық әкімдікте жиын өткен. Шұғыл штабтың отырысында «Нефтехим ЛТД» ЖШС жетекшісі қаза тапқан жұмыскерлердің отбасына материалдық көмек тағайындау мәселесінің қарастырылып жатқандығын айтты. Сондай-ақ, зауыт басшылығы жерлеу рәсіміне кететін шығындарды көтеретіндігін мәлімдеді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта кәсіпорынның жұмысы жартылай тоқтатылған. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ