Русский Сайттың толық нұсқасы

"Кедергісіз келешек" акциясы басталды

  • AstanaTV
  • 05 тамыз 2014
  • 1384

"Кемтар жандарға кедергі болмауы керек". Осындай ұранмен "Кедергісіз келешек" акциясы басталды. Мақсаты- кемтар жандардың әлеуметтік орындарда еркін жүруіне қолайлы жағдай жасау. Шара Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Оған "Нұр Отан" партиясы мен қоғамдық бірлестіктер қолдау көрсетуде.

Астанадағы 18000-дай мүгедек жанның 700-ге жуығы өз еркімен жүре алмайды. Арбаға таңылғандардың бірі - Ардақ Отарбаев 12 мүшесі сау адамға біліне бермейтін кейбір ұсақ-түйек нәрсенің кемтар жандар үшін үлкен кедергі екенін айтады. Ардақтың бағалауынша, Астанадағы мекемелердің 60 пайызы, ал көшелердің 80 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына бейімделген. Сондай-ақ, ол кемтарлар үшін арнайы мекемелердің салынғанын қаламайды. Барлығы ортақ болса, деген тілегі бар.

Ардақ Отарбаев, 1-топтағы мүгедек:

Екі мекемені қарап шықтық. Енді 100 пайыз деп айта алмаймыз, бірақ 90 пайызы жақсы. Барлық адамдарға жүретін болсын, жүрмейтін болсын, көретін болсын, көрмейтін болсын барлығына, бір мекеме, бірақ соның ішіне кіріп-шығуына ыңғайлылық жасау керек деп ойлаймын.

Мына емханада мүгедектердің жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасалған. Есіктен кіре салып, арнайы батырманы бассаңыз, дәрігер күтіп алып, барлық жұмысыңыз біткенше, қасыңызда жүреді. Бірақ мұндай мүмкіндік барлық жерде бар деп айту қиын. Биыл Астана қаласы бойынша 50 әлеуметтік мекемені мүгедектерге бейімдеу жоспарланған. Оның 7-еуі жол картасы бойынша, ал 43-і сол мекеменің қаражатына жасалады.

Дәмежан Сәдуақасова, Астана қаласы бойынша қадағалау және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:

Қазіргі уақытқа 17 объект жасалып, соларды тексерудеміз. Біздің қоғам мүгедектерге көңіл бөліп, сол мәселелерге оң көзімен қараса, бірігіп шешеміз деп ойлаймыз.

Қазақстан бойынша биыл 2000-дай мекемені мүгедектерге қолжетімді ету жоспарланған. Бүгінде облыстарда қоғамдық кеңестер құрылды. Енді олар белгіленген кесте сол орындарды аралайды. Ал мекеменің мүгедектерге қаншалықты қолайлы екенін мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері бағаламақ.  

Т.АМАНАЛИЕВА