Украина азаматтары Қазақстан
билігіне өтініш жасады. Олар өздеріне босқын мәртебесінің берілуін сұрайды.
Отанын от шарпыған бірқатар украиналықтар туыстарын жағалап Ақтөбеге келген.
Аяқ астынан барлық мал-мүлкін тастап, жолға шыққан жандар көмекке зәру.
Уақытша болса да екі қолға бір күрек іздеп сабылуда.
Войцаховскийлер отбасы Украинаның
Донецк облысынан шілде айында келген. Отағасының айтуынша, «бірнеше ай жақындарының
үйінде қонақ боп қайтуды жоспарлаған». Енді бұл ойларынан айнып, осында
тұрақтап қалуға ниетті. Өмір бойы кенші боп еңбек еткен зейнеткер самайыма ақ
түскенде, қаңғыбас боп қалдым деп күрсінеді.
Владимир Войцаховский, Украина
азаматы:
Балам бүгін алғашқы күн жұмысқа
кетті. Жас болғандықтан, оған екі қолға бір күрек табу оңайырақ. Ал мені «жасың
келген» деп жұмысқа алғысы келмейді.
Қарияның отбасында 6 адам
бар. Олар босқын мәртебесінен үмітті. Қызы медбике мамандығы бойынша оқуды
бастағанмен, бітіре алмапты. Ал келіні бастауыш сынып мұғалімі мамандығы
бойынша тек 2-курсты аяқтап үлгерген.
Виктория Войцаховская, Войцаховский отбасының келіні, Украина азаматшасы:
Педагогикалық училищеде бірге оқитын құрбыммен хабарластым. Ол
маған оқу ордасының қирап қалғандығын айтты. Енді қалай болатынын білмеймін.
Виктория Войцаховская, В.Войцаховскийдің қызы, Украина азаматшасы:
Маған емтихан тапсыруға мүмкіндік берсе, өз күшімді, білімімді дәлелдер
едім. Кез- келген сынан өтіп, білім алуды жалғастыруға даярмын.
Украиналықтардың біреуге масыл болу ниеті жоқ. Олар әзірге туыстарымен
бірге тұрып жатыр. Шағын ғана 2 бөлмеде 12 адам қысылып қымтырылып өмір сүруде.
Алдағы уақытта өздері бөлек баспана жалдап тұруды көздейді. Бірақ нәпақа табу
үшін, құжат керек екенін де жақсы біледі.
Светлана Войцаховская, Украина азаматшасы:
Әрине, тек өз күшімізбен ғана, ешкімге жүк болмай мәселемізді шешуге
тырысамыз. Бірақ қазір ол мүмкін болмай тұр. Сондықтан көмек сұрауға мәжбүрміз.
Войцаховскийлер отбасы жергілікті көші-қон полициясына босқын мәртебесін
сұрап, өтініш тастаған. Аталған мекеменің дерегіне сүйенсек, осыған ұқсас
жағдай бұған дейін де орын алған. Украинадан келген тағы бірнеше азамат дәл
осылай көмек сұрапты.
Сапар Амантаев, Ақтөбе облысық ІІД көші-қон полициясы басқармасының аға
инспекторы:
Екі семья келді қазіргі таңда. Оның ішінде 4 азамат, 3 кәмілетке толмаған
азамат. Олар арызданды қазіргі таңда. Олар бойынша комиссия мүшесі
тағайындалды. 3 айдың ішінде босқындар статусы қарастырылады.
Войцаховскийлер туған жерінде болып жатқан оқиғаларға алаңдаулы. Күн сайын
жаңалықтарды қалт жібермей, ғаламтор арқылы таныстарынан хабар алып отыр.
Ондағы жерлестерінің сөзіне қарағанда, оқ ату басылғанымен, тыныштықтың жақын
күндері орнауы екіталай. Сондықтан бұл отбасы елдеріне қайтатын күннің
бүгін-ертең туатындығына сенбейді.
Мансұр ЕСҚОЖИН