Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыстың Ресейге қарсы санкциясы Қазақстанның алдына үлкен мүмкіндіктер ашуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 07 тамыз 2014
  • 1384

«Батыстың Ресейге қарсы санкциясы Қазақстанның алдына үлкен мүмкіндіктер ашуы мүмкін». Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деді. Кеше үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бірнеше тапсырма берген. Ол бойынша, палата алдында тұрған міндеттердің бірі - импортты мейлінше азайтып, ішкі өнімді арттыру. Осы ретте әсіресе ет, сүт, май және кондитер өнімдер шығаратын отандық кәсіпкерлерге қолдау күшейетін болады.

Ал 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлерге салынатын айыппұлға жасалатын рақымшылықты бизнесмендер қуана қабылдады. Батыстың Ресейді қыспаққа алуы, әлбетте, 140 млн халқы бар Федерацияға әсер етпей қоймайды. Бірақ одан Қазақстанға тікелей зиян келеді деу бекер. "Керісінше, бұдан еліміз үшін жақсы мүмкіндіктер ашылады",- деді Мырзахметов.

Абылай Мырзахметов, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:

Қазіргі жағдай осы пайданың мүмкіншілігін тағы күшейтіп отыр. Өйткені Ресей көптеген мемлекеттен келетін азық-түліктің түрлеріне тыйым салып отыр. Сондықтан осы, бәрі болмаса да, кейбір ет, сүт, жеміс-жидек жағынан атсалысуға мүмкіншілігіміз бар.

Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы - жекешелендірудің 2-толқынын өткізу. Оған дайындық жүріп жатыр. Сатылымға шығатын активтер тізімі анықталды. Енді тек сату керек. Абылай Мырзахметовтің айтуынша, кәсіпкерлердің көбісінің көзі «Самұрық қазына» қорындағы активтерге түсіп тұр. Ал жабайы базарларды реттеу жайы да назардан тыс қалмайды. "Жоспар бойынша, бей-берекет сауда орындары жабылып, орнына барлық облыстарда бірдей стандартты заманауи кешендер бой көтереді",- деді төраға.

Елбасы айтқан тағы бір тапсырма - кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың тұтас бағдарламасын әзірлеу жайы болатын. Абылай Мырзахметов: "1 айдан бері жұмыс тобы құрылып, бағдарламаны әзірлеп жатыр, жобасы қыркүйекте дайын болады. Үкіметте талқыланған соң, қаңтардан бастап іске асады",- дейді. 

Абылай Мырзахметов, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:

8 бағдарламаның 8 операторы бар. 8 бағдарламаның өзінің 8 жүйесі бар. Әрқайсы әр жерде кәсіпкерге қиын, бәрін тауып іздеу. Оның Үкімет тарапынан жауап беретін органы да біреу болады. Екінші Елбасының тапсырмасы - сол бағдарламаның ішіндегі қаржылай емес көмектердің бәрі Ұлттық палата арқылы берілетін болады жылдың басынан бастап. Аудан орталығында Ұлттық палатаның филиалына беріледі, бір офистан бір жетіден барлық бағдарламаны кәсіпкерлер ала алатын болады.

Т.АМАНАЛИЕВА