Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулық егіз жігіттер егіз қыздарға үйленді

  • AstanaTV
  • 08 тамыз 2014
  • 1468

Атыраудағы айрықша той. Бүгін мұнда егіз жігіттер егіз қыздармен бас қосты. Мұндай жұп Атырауда алғаш тіркеліп отыр. 19 жастағы Настя мен Ксения есімді қыздармен 20 жастағы Юрий және Александр достары арқылы танысады. Оның соңы достыққа, кейін  шынайы махаббатқа ұласқан. Қос арудың туған күнінде жігіттер бір мезетте үйленуге ұсыныс білдірді. Ерекше неке қию салтанатына біздің түсіру тобымыз да қатысып қайтты.

Міне, жаңа өмірге соңғы дайындық. Қос қалыңдық сұлулық салонында шаштарын әсемдеп жатыр. Настя мен Ксения бір-бірінен ешқашан ажырап көрмепті. Айтуларынша, бірі ауырса, екіншісі өзін қолайсыз сезінеді. Егіздердің  сырт келбеті ғана емес, өмірлік ұстанымдары мен талғамдары да өте ұқсас. Сондықтан қалыңдық киімін де бірдей етіп кимек болған. Бірақ ондай көйлек табылмады дейді. Дегенмен өмірдің жарқын кезеңіне бірге қадам аттағалы отырғанына екеуі де бақытты.

Анастасия мен Ксения Ульяновалар:

Әрине, қатты толқу үстіндеміз. Тіпті түнімен ұйқтай алмадық. Салонға ерте келдік, есігі жабық тұр екен. Әрбір қыз мұндай күні қатты толқиды. Біз өз сезімімізге сенімдіміз. Сондықтан  бәрі жақсы болады деп ойлаймыз.

Жас жұбайлардың достары үшін де ерекше күн. Олар көліктерін  әсемдеп әуре. Күйеу жігіттер де абыржулы.  Тіпті түймені салуға қолдарының икемі келер емес. Олар өз араларында қалыңдықтарын шатастырып алмайық деп  әзілдеп қояды. Ал аналарының қуанышында шек жоқ. Егізінің бір күнде қос  келін әкелетініне дән риза.

Валентина Ливкина: 

Тіпті ойыма да келмеген. Бұл маған күтпеген сый болды. Біз өте қуаныштымыз, бақыттымыз. Қыздар өте жақсы. Ұлдарымның жолы болды деп ойлаймын.

Неке қию салтанатына екі жақтың  туыстары мен достары көптеп жиналды. Олар бастапқыда егіз күйеу мен егіз қалыңдықтың қосылатынына таң қалғанын жасырмайды.  Кейін «бұл - тағдырдың тамаша тартуы» деп санап, ақ тілектерін арнады. Ал жас жұбайлар заңды некеге тіркеліп, жүзіктерімен алмасты.

Жас жұбайлар алдағы армандарымен бөлісіп үлгерді. Егіздер ересектік өмірде де бір-бірінен ажырамақ емес.  Олар болашақта  үй салып,  көрші тұрамыз деп жоспарлап отыр.

Базаргүл ІЗІМОВА