Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Дэвид Гэмбл санкцияларға қатысты мәлімдеме жасады

  • AstanaTV
  • 15 тамыз 2014
  • 1192

Ресей мен АҚШ өзара санкциялар қолдануына байланысты Қазақстанға батыс тауарларын жеткізуде балама жолдарды қолдану азаматтарымыздың қалтасын қағуы мүмкін. Мұндай пікірді Құрама Штаттардың Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Дэвид Гэмбл біздің арнамызға берген сұхбатында айтты.

Дипломаттың сөзінше, батыс елдері тауарларының түгелі дерлік Қазақстанға Ресей шекарасы арқылы келеді. Ақ үй мен Кремль арасындағы қазіргі жағдайды ескере отырып,  қазақстандықтардың АҚШ тауарынан қол үзбеуі үшін импорт дәлізінің жаңа бағыттарын қарастыру қажет. "Алайда Америка тарапынан Қазақстан үшін тауар құнын жасанды көтеруге жол берілмейді", - деді Гэмбл.

Дэвид Гэмбл, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің бірінші хатшысы:

Егер де Қазақстан Америкадан қандай да бір тауарды ішкі қолданысқа немесе әрі қарай саудалауға аламыз десе, оған біздің тараптан ешқандай кедергі жоқ. Қазақстанға батыс елдерінің өнімдері, менің түсінігімше, Ресей арқылы транзиттік бағытпен өтеді. Демек, санкцияларға байланысты тасымалдың жаңа жолдарын іздестіру қажет. Ол белгілі деңгейде тауардың құнына әсер етеді, нәтижесінде тауар құны қазақстандық тұтынушының қалтасынан төленеді.

Сондай-ақ Дэвид Гэмбл Ресейдің батыс пен Еуропаға қарсы қолданған санкцияларының әсерін Америка экономикасы сезіне бастағанын жеткізді. Американың әлемдік сауда нарығындағы тауар айналымы айтарлықтай тежелген.

Дэвид Гэмбл, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің бірінші хатшысы: 

Санкциялардың салдары, әрине, байқалады, баға өседі, оны сезініп те үлгердік. Біз шектеу енгізбес бұрын, әрине, ойландық, себебі санкцияның соңы бағаның шарықтауына, логистикалық бағыттың өзгеруіне, сауданың қиындауына алып келеді. Біз бүгіннің өзінде Құрама Штаттар және Еуропа тауарларына Ресей қолданған санкциялардың "салқынын" сезініп үлгердік.


Дипломат санкцияларға байланысты америкалық технологиялар мен мұнай және газ саласында қолданылатын құрылғылардың Қазақстан арқылы Ресей нарығына шығарылмауына қатысты мәлімдеме жасады. Мәселен, Халлибертон, Шлюмберже сияқты  қызмет көрсетуші компаниялары аталмыш технологияларды Қазақстан арқылы Ресейге сатуы мүмкін бе - деген сауалға, Дэвид Гэмбл "бұл мүмкін емес" деп кесті. 

Дэвид Гэмбл, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің бірінші хатшысы:  

Егер де тек Теңізшевройлдың Қазақстанға құйған инвестиция көлеміне назар аударсаңыз - 90 миллиард доллар. Атқарылған еңбектің барлығын  зая кетіріп, заңсыз түрде технологияларды Ресей Федерациясына бере салады деген ақылға қонымсыз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ