Қазақстан
Ресейге тауар экспорттаушы елдердің алдыңғы қатарында. Ресейдің Еуропа
тауарларына қатысты қолданған шектеулеріне сәйкес таңдалған импортер елдер
тізіміне Қазақстанның ілінбеуіне қатысты еліміздің агроөнеркәсіп саласының
маманы Иван Сауэр мәлімдеме жасады.
Еске салайық, жуырда Ресейдің ауыл
шаруашылығы министрлігі азық-түлік өнімдерін импорттайтын мемлекеттер тізімін
жариялаған болатын. Алайда ол тізімге Қазақстан мен Беларусь енбей қалды.
Иван
Сауэрдің сөзінше, отандық ауыл шаруашылығының Ресей нарығын кей тауар түрлері
бойынша қамтамасыз етуге мүмкіндіктері бар. Алайда Қазақстанның көршілес елге
сүт өнімдерін экспорттауы жөнінде айтуға әлі ерте. Себебі отандық өнеркәсіптің
әлеуеті әзірге тек ішкі сұранысты қамтамасыз етуге ғана жарап отыр. "Ал картоп
бойынша Қазақстан Ресей нарығына емін-еркін ене алады", - дейді Сауэр.
Иван
Сауэр, «Қазақстанның ет-сүт одағы» ЗТБ төрағасы:
Біз
Ресеймен келісіп қойғанбыз. Кедендік одақ аясында барлық кедергілер алдын-ала
жойылды. Ресей Еуропа мен батысқа қатысты санкциялар қолданбай тұрып, алдын-ала
серіктес елдер басшыларымен кеңесті. Біз ешбір шақыртуға мәжбүр емеспіз, тіпті
басымдыққа иеміз.
Кей
сарапшылар отандық өнеркәсіптің Ресей нарығына енуі ел ішінде тауар тапшылығы
мен бағаның көтерілуіне алып келуі мүмкін деген де болжамдар жасаған болатын.
Отандық өндірушілер «баға өспейді, бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз
етеміз» деп сендірді.
Геннадий
Зенченко, «Зенченко и компания» коммандиттік серіктестігінің бас директоры:
Біз
қазақстандық кәсіпорынбыз, мемлекеттен жеңілдіктер алып отырмыз. Демеуді
Қазақстаннан алып, тауарды Ресейге жіберу адамгершілікке жатпайды деп есептеймін.
Қазірдің өзінде Қорған, Челябі сүт өнімдерін сатуды өтініп, жалынып отыр. Біз
оған ешқашан жол бермейміз, баға көтерілмейді, бұл үшін уайымдамаңыздар.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ