Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысы Талғар ауданының тұрғындары ауыз суға апта соңына қарай қол жеткізеді

  • AstanaTV
  • 11 тамыз 2014
  • 2080

Селден соң сусыз қалған Алматы облысы Талғар ауданының тұрғындары ауыз суға апта соңына қарай қол жеткізеді. Бұл туралы бүгін жергілікті тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі арнамызға хабарлады. Қазір Талғар қаласының 90 пайызында су бар. Қалған 10 пайызының сусыз қалуына селден кейін қаланың шығыс бөлігіндегі үш ұңғыманың істен шығуы себеп болған. Енді су жүйесін қалпына келтіру жұмыстары алдағы 3-4 күнде толығымен аяқталуы тиіс.

Еркебұлан Усманбаев, Талғар аудандық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің меңгерушісі:

Жаңадан салынып жатқан құбырымыз пластиктен салынып жатыр да, ал бұрынғы құбырлар темірден болған соң, екеуінің арасында переходник дейді, сол переходниктердың Алматыда болмауына байланысты Қостанайдан, Шымкенттен таптық. Қазір олар ертең келеді, ертең келсе, монтаж бастаймыз.

Талғар тас жолының бойында орналасқан «Қызыл қайрат» ауылының тұрғындары да жаз бойы су көрмедік дейді. Селге дейін тау суын ішіп отырған халық апаттан соң апталап сусыз отыруға мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша, аптасына бір келетін су таситын көліктің әкелгені, дүйім ауыл халқына жұғын болмайды.

Абдурашит Избакеев, «Қызылқайрат» ауылының тұрғыны:

Су жоқ, міне көріп тұрсыздар ғой. Міне қолымыздағы құтының бәрі бос. Не жуынып, не кір жуа алмай отырмыз. Аптасына бір келеді мына көлік. Оның өзі бәрімізге бірдей жетпейді. Қазір қайта бастықтар ауысып, су жеткізетін болды, бұрын тіпті келмейтін еді.

Еске сала кетейік, шілденің 17-сінде Талғар ауданына қарасты Маралсай шатқалында тау мұздақтарының еруінен, өзен сулары арнасынан асып, сел жүрді. Салдарынан тау етегінде орналасқан демалыс орындары қирап, жолдар талқандалып, су құбырлары істен шыққан болатын.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ