Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана полицейлері ағылшын тілін үйрене бастады

  • AstanaTV
  • 11 тамыз 2014
  • 1399

Астана полицейлері тіл сындыруға көшті. Сақшылар ағылшын тілін жаппай үйрене бастады. «ЕХРО- 2017» кезінде қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалауда шет тіліне жүгінуге мәжбүр. "Халықаралық көрме кезінде сапалы қызмет көрсету - міндетіміз",- дейді астаналық полиция. АВС-ді меңгеруге кіріскен ішкі істер органдары қызметкерлерімен тілшіміз Тоғжан Жалғасбекқызы тілдесті. 

Сабақ шілде айынан басталды. Арнайы лингафондармен жабдықталған бөлмеде аптасына 3 рет 2 сағаттан дәріс өтуде. Биыл жыл соңына дейін 500 қызметкерге шет тілін үйрету жоспарланған. 160 қазір оқып жүр. Солардың бірі - Айнұр Әбдіғалиева - Алматы аудандық ІІД-нің қылмыстық бөлімінде істейді. Ол бір айдың ішінде мектеп пен ЖОО-да алған білімін қайталап қана қоймай, күнделікті өмірде жиі қолданылатын сөздер мен сөйлемдерді меңгеріп алдық дейді.

Айнұр Әбдіғалиева, Астана қалалық ІІД криминалисті:

Ағылшын тілінде сабақтан тыс кезде де сөйлесеміз бір-бірімізбен. Себебі өзімізге де керек тез жаттау үшін және өте қызықты деп ойлаймын. ЭКСПО-2017 кезінде шетелден азаматтар көп келеді. Сондықтан біз барынша сапалы қызмет көрсетуіміз керек.

Тіл білу - тек жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, шетелдіктер алдында елордалық полицейлердің имиджін көтерері хақ. Сондықтан дәріс беріп жатқан мамандардың барлығы да білікті. Ал сабақтың ақысын мемлекет өзі көтереді. Ай сайын әр қызметкерге 12 мың теңге. Бұл - әшейінде білімге уақыт таппайтын отбасылы қызметкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Біріншіден, дәріс беруге оқытушының өзі келеді, екіншіден, сабақ жұмыс ортасында өтеді.

София Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қаржыландыру мәселесіне келсек, олардың жарты тобы республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ал қалғаны жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Қызметкерлеріміз қызығушылықпен қарайды. Олар түсінеді қандай жауапкершілік артылғанын.

Самал Айтмағанбетова, ағылшын тілінің оқытушысы:

Бір айдан бері ағылшын тілін ІІД қызметкерлері оқып жатыр. Ынтылары өте жақсы, үйге берген тапсырмаларды барлығы орындайды. Қызығушылықтары да жақсы. Барлығы түгел қатысады.

Сабақ оқу, жазу, сөйлеу, тыңдау бағыттары бойынша жүргізілуде. Білім алып жатқан қызметкерлер 4 айдан соң тест тапсырады. Яғни ол кезде полицейлер өздерін таныстырып, шетелдік мейманмен тілдесіп, құжаттарды ағылшын тілінде толтыра алатындай деңгейде болуы шарт. Сынақтан сүрінбей өткен қызметкерлерге арнайы сертификаттар табысталады.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ