Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда «Прима дистрибьюшн» компаниясының жүргізуші-экспедиторлары басшылыққа наразылықтарын білдірді

  • AstanaTV
  • 12 тамыз 2014
  • 1344

Атырауда еңбек дауы. Сауда нүктелеріне тауар тасымалдайтын «Прима дистрибьюшн» компаниясының жүргізуші-экспедиторлары бүгін жұмыстарын тастап, басшылыққа наразылықтарын білдірді.

Айтуларынша,  жуырда тағайындалған жаңа басшы еңбек заңдылықтарын аяққа таптап, өзі ойлап тапқан тәртіппен басқарып отыр. Мереке және демалыс күндері жасаған қызметтері үшін берілетін демалысқа ақы төлеуден бас тартқан. Тіпті еңбекке жарамсыздығына орай емделуге кеткен қызметкердің орнына жаңа жұмысшы алып үлгеріпті. Ал арыздарын айта барған қол астындағылардың сөзін тыңдамай, «қызметтен қуамын» деп сес көрсеткен. 

Нұрболат Мұхамбетов, жүргізуші-экспедитор:

Оклад, бонуспен 90-95 мың теңгейдей алып жүрдім. Ана айдың басында отгулға шықтым. Кеше 10-ында жалақы алғанда, отгулдағы 1 аптамды қиып тастапты. 57 мың ақша алдым. Қалған ақшам жоқ. Адам басында 2-3 кредит бар ғой. Жетпейді. Қалай істейміз?

Нұрлыбек Сағынғалиев, жүргізуші-экспедитор:

Жұмыс жасап келдім. Накладной тапсырдым. Менің үстімнен акт толтырып, жұмысқа шыққан жоқсың деп келіп тұр. Жұмысқа қоспай тұр. Барсақ, «бар шыға бер, уволен ты» деп шалқаяды.

Шудың ортасынан табылған прокуратура өкілдері  жұмысшылар арызданған соң ғана тексерісті бастаймыз дейді.  Есесіне компания басшысы сенімді. Сұхбат беруден бас тартқанымен, бәрін заң шеңберінде жасап отырмын деп, түсірілім тобын аумақтан шығуды талап етті. 

Элла Кандалова, «Прима дистрибьюшн» ЖШС директоры:

Мен ҚР заңнамасына сәйкес әрекет етіп отырмын. Түсірілімді тоқтатып, менің аумағыман шығуларыңызды сұраймын.

Еркебұлан Ермеков, Атырау қаласы прокурорының аға көмекшісі:

Бұл мәселе бойынша прокуратураға арыздар түспеген. Тиісінше арыз түссе, арыз қаралып, заң шеңберінде тиісті шешім қабылданады.

Базаргүл ІЗІМОВА