Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда Бауыржан Байбек бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесті

  • AstanaTV
  • 12 тамыз 2014
  • 1653

Қарағанды облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының жаңа төрағасы сайланды. Кезектен тыс ХІХ конференция шешімімен филиал басшысы болып сайланған Нұрмұхамбет Әбдібековке партияның жаңа билетін төрағаның бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің өзі табыстады. Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Бауыржан Байбек индустрияландыру бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқан кәсіпорында бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесті. Сонымен қатар, аймақтың белсенді жастарымен кеңес өткізді.

Партия конференциясында 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы талқыланды. Бүгінде бағдарлама мәтінін редакциялауға қатысты 400-ден астам ұсыныс түсіпті. Әсіресе сарапшылар қауымы мен ғаламтор қолданушылары белсенділік танытып отырған көрінеді. Конференция делегаттары талқылау барысында бағдарлама жобасына индустриялық жобалардың жүзеге асырылуының ашықтығын қамтамасыз ету және жемқорлыққа қарсы күрес мәселесінде партия мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында әріптестікті жандандыруды енгізуді ұсынды.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы айтқандай, ең дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін, біз әрқашан тұрақтылықты, келісімді, бейбітшілікті қамтамасыз етуіміз қажет. "Нұр Отан" партиясы билеуші партия ретінде әрқашан да халықтың сенімінде болып, халықпен тығыз байланыста болып, кері байланысты орнатып, халықтың мұң-мұқтажын біліп, осы ойларын, идеяларын билікке жеткізу керек.

Сапар барысында Бауыржан Байбек «Жас Отан» белсенділерімен кездесіп, жастар мәселесін талқылады. Сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауытының бастауыш партиялық ұйымының жұмыс жайымен танысып, белсенділерге жаңа партия билеттерін табыстады. Жыл басынан бері партияның 400 мың мүшесі осындай жаңа үлгідегі партия билетіне ие болған. Бұл жұмыс әрі қарай жалғаспақ. Зауыттың бастауыш ұйымының мүшелері жұмыстарының тиімділігінен жалпы партияға деген сенімділік артады дейді.

Кенжебек Тоқышев, «Қазақмыс корпорациясы» ҚҚМЖЗ слесарі:

Той жағдайында берілген билет. Келесі еңбекті жақсы істеп, жастарды үйретіп, дами берсін Қазақстан.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ