Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресейлік саудагерлер қазақстандық тауарларды жаппай сатып алуда

  • AstanaTV
  • 13 тамыз 2014
  • 1323

Екі ел президенттері санкция салынған тауарларды Ресей аумағына өткізбеу мәселесін де талқылады. Тыйым салынған тауарлар Ресейге өтпеуі үшін Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өзара ынтымақтастық орнатпақ. Ал Қазақстанның бірқатар аймақтарында ресейлік саудагерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін жаппай сатып алуды жалғастыруда. Сұранысқа ие тауарлардың ішінде: картоп, қырыққабат, құс еті мен жұмыртқасы бар. Кей сатушылар тіпті тауарларды сауда сөрелеріне жеткізіп үлгере алар емес. Табан астынан туындаған қарбалас бағаға әсер ете ме және еліміз көрші тарапты азық-түлікпен қамтуға дайын ба? Сауалдарға жауапты тілшіміз Абзал Құрманкин іздеді.

Базардағы қарбалас қазір шекаралас аймақтардың барлығында дерлік байқалып отыр. Селдей сапырылысқан ресейлік алып-сатарлар қазақстандық тауарларды жаппай сатып алуда. Өскемендік шенеуніктердің пікірінше, табан астынан ұлғайған сұраныстан жасқанып керек емес. Елдің шығыс өңірінде көкөніс пен ет көл-көсір. Тіпті ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігін экспорттауға болады.

Баға мәселесі де назардан тыс қалмады. Әкімдік өкілдері қысты күні тұрақтандыру қорын құрып, шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасасыпты. Бұл мақсатқа облыс қазынасынан 600 млн теңге бағытталған. Нәтижесінде аймақта өсірілген көкөністің 75 пайызын көрші елдерге сатуға мүмкіндік бар.

Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары:

Бүгінде ШҚО көрші елдерге қой етінің 100 мың және құс етінің 3 мың тоннасын экспорттай алады. Сондай-ақ, өңірімізде өндірілетін 400 мың тонна көкөністің 4/3 бөлігін сатуға болады. Себебі Шығыс Қазақстанның сұранысы 100 мың тоннадан аспайды. Қазір біз Ресей кәсіпкерлерімен әріптестік орнатып жатырмыз. Жақын арада сауда-саттық қыза түспек.

Шығыс Қазақстандық диқандар алдымыздағы жылы егіс алқаптарын кеңейтіп, мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде нан, ет және сүт өнімдерін өндіру еселене түспек. Осыған байланысты қазір ірі сауда алаңдарын салу көзделіп отыр.

Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары:

Әзірге біздің сауда өкілдері көрші елдермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жақын арада нәтижесі болады деп ойлаймын. Ресейдің қиыр шығысында аумағы 70 мың шаршы метр болатын сауда орталықтар ашылып жатыр. Егер де бізде де осындай сауда алаңқайлары салынса, екі ел арасындағы сауда-саттық нығая түспек. Қосымша жұмыс орындары да ашылады.

Павлодарлықтар да сұраныстың жоғарылайтынына әу бастан әзірленіп жатыр. Өңір кәсіпкерлері Ресейге картоптың 50 мың тоннасын экспорттауға қауқарлы. Бұл жайында біздің арнаға ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері мәлім етті. Алайда, шаруалардың биыл қанша тонна картоп жинайтындары әзірге белгісіз. Олар былтырғы межені бағындырамыз деп болжамдап отыр. Демек, 380 мың тонна.

Ал Солтүстік Қазақстанда құс етіне деген сұраныс күрт артты. Азық-түлік өнімдеріне деген ресейлік сұраныс ішкі нарықта да бағаның шарықтауына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан бағаны тежеу - қазір күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелердің бірі. Қазір жергілікті әкімдік пен тауар өндірушілердің арасында жасасқан меморандумдар жаңартылып жатыр. Осы уақытқа дейін 500-ден астам маңызды құжатқа қол қойылды.

Құралай Жарова, Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Біз күделікті 1500-нан астам сауда нүктелерінде ең қажет деген тауардың 33 түрінің бағасын қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдері бізде жеткілікті. Мәселен, өңірде өндірілетін жұмыртқаның 6/1 бөлігі ғана облысты қамтиды, ал қалғаны шетелге сатылады. Бұдан бөлек, тамыз айында апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып отырады.

Сауда сөрелеріндегі қарбалас тауар бағасына әсер етпес үшін, қазір жер-жерде билік өкілдері кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатуда. Жалпы, азық-түлігі тапшы Ресейді тауармен қамтуға қазақстандық кәсіпкерлер дайын көрінеді. Демек, табан астанын жоғарылаған сұраныстан қазақ елі ұтпаса, ұтылмасы анық.

Абзал ҚҰРМАНКИН Ирина ЯКУНИНА Александр ВЕРВЕКИН