Солтүстік Қазақстан облысы қаржы полициясы басшысының орынбасары Жандос
Ахметов қателікпен өлтірілген. Тергеудің соңғы дерегіне сүйенсек, киллер
экономикалық қылмыстарға қарсы күрес департаментінің орынбасарын емес, басшысын
көздеген. Бұл жөнінде облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Құзырлы
орын берген мәлімет бойынша, лауазымды шенеуніктің өліміне тапсырыс берген
азамат істі 2007 жылдан бері жоспарлаған. Артынша әбден бекінгеннен кейін,
өзінің сыбайласы Жамалиевке сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің
басшысын атуды ұсынады. Ал басшыны шатастырған Жамалиев, арам пиғылын іске
асыру үшін, киллер жалдайды.
Осылайша, қате ақпаратпен қамтылған қаскөй басқа
қаржы полицейін өлтірген. Салдарынан, өткен жылы желтоқсан соңында аталмыш
мекеме басшысының міндетін уақытша атқарып жүрген Жандос Ахметов оққа ұшып, көз
жұмды. Қазір сот өкілдері бұл істі қабылдау мәселесін қарастырып жатыр. Сот
процесінің қашан басталатыны әзірге белгісіз.
Абзал ҚҰРМАНКИН