Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-дағы мектептегі құрылыстың аяқталмауынан, балалар әкімдік пен мәдениет үйінде оқиды

  • AstanaTV
  • 14 тамыз 2014
  • 1466

Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданындағы Мичурин орта мектебінің оқушылары жаңа оқу жылынан бастап, ауыл әкімінің кабинетінде білім алатын болды. Бұған 40 жыл бойы жібі түзу жөндеу көрмеген ауыл мектебінің оқу жылына жарамсыздығы себеп болыпты.

Қазір әбден тозығы жеткен мектепті күрделі жөндеуге бюджеттен 249 миллион теңге бөлінген. Бірақ жаңа оқу жылына екі апта қалса да, жөндеу жұмыстарын кімнің жүргізетіні әлі анықталмаған. Енді білім басқармасындағылар оқушыларды түрлі топқа бөліп, көрші ауылдағы мектептер мен ауыл әкімдігінде оқытпақ. Ал ауыл әкімі оқушыларға өзінің жұмыс кабинетін де ұсынған екен. 

Алмагүл Кенжебаева, Мичурин орта мектебінің директоры:

Бір жұма оқимыз біздер. Сосын мектептің тақталарын, парталарын апарып, орналасамыз. Мичурин ауылдық акиматында 10 кабинет бөлініп отыр. Ол 1 және 2-аусымда оқытылатын болады. Ауылдың мәдениет үйі де екі аусымға беріліп отыр. Онда біздер нулевой және 2, 3-кластарды орналастыратын боламыз.

Бұл аздай, облыстағы тағы бір мектептің оқушылары да тентіреп кетудің аз-ақ алдында тұр. Мұнда да дәл осындай жағдай.

Виктория Зиненко, БҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

Деркөл ауылындағы мектепті жөндеуге бөлінген қаражат есеп-шотқа енді ғана аударылды. Бірақ мектепте сабақ тоқтамайды. Бұл ауылдағы оқушыларды да қалаға апарып оқытамыз. Кейін жөндеу аяқталғасын, олар сабағын өз мектебінде қайта жалғастырады.