Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана әкімдігі сенімсіз құрылыс компанияларын атады

  • AstanaTV
  • 15 тамыз 2014
  • 1690

Қазақстандағы құрылыс саласының қарқын алуы - жеңіл жолмен пайда көргісі келетін алаяқ құрылысшылардың көбеюіне алып келуде. Астана қалалық әкімдігі қитұрқы ойларын іске асырып жүрген құрылысшылардың пайда болғанын және соған орай, салынып жатқан кешендерден пәтер алу туралы келісімшартқа қол қоюға асықпауды ескертіп отыр.

Әкімдіктің баспасөз қызметінінің мәлеметінше, кез-келген азамат жергілікті басқару органдарына барып, құрылыс жүргізетін компания туралы барлық ақпаратты біле алады.

Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының дерегіне сенсек, биыл «Альбаракат» атты құрылыс компаниясы пайда болыпты. Аталмыш компания бірнеше тұрғын үйді қатар салып, оны нарықтағыдан арзан бағамен сатпақ. Оған қоса, сатып алушылар қызығарлықтай қолайлы шарттары бар. Компания бастапқы жарнаны 25-33% көлемінде құйып, қалғанын пайызсыз, бөліп төлеуге мүмкіндік берген. Алайда рұқсат құжатының жетіспеуінен компания құрылысты үнемі тиісті мерзімде бастай алмайды. Мәселен, дәл осы "Альбаракат" компаниясы "Шаржа" және "Прага" тұрғын үй кешендерін салмақшы. Бірақ компанияның үйді салуға әлі лицензиясы да жоқ. Үлкескерлерден қаржы тарта бастаған компания сызба жобасына қойылған қолдар мен мөрлерді заңсыз жасағаны әшкереленді. Қала құрылысы және архитектура басқармасында болашақ үйлердің эскиздері бекітілгені туралы еш мәлімет жоқ.

Тұтынушылар мен мемлекетке осындай алаяқтардан залал келмес үшін, қалалық әкімдік құрылыс компаниясын таңдауда мына талаптарға ден қоюға кеңес береді: компанияның тұрғын үй құрылысында тәжірибесі болуы тиіс. Айлық есептік көрсеткіш мөлшері 100 мыңнан кем болмайтын жеке капиталы және міндетті түрде үлескерлік шарт бойынша үй тұрғызуға рұқсат беретін, жарамдылық мерзімі өтпеген лицензиясы болуы керек.