Русский Сайттың толық нұсқасы

Көк байрағымыздың авторы Шәкен Ниязбеков өмірден өтті

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2014
  • 7401

Бүгін Алматы жұртшылығы мемлекеттік тудың авторы, суретші Шәкен Ниязбековты ақтық сапарға шығарып салды. Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында өткен қаралы жиынға келгендердің қарасы қалың. Жиналғандарға қала басшысы ел Президентінің көңіл айту жеделхатын оқып берді.

Шәкен Оңдасынұлы тамыздың 15-інен 16-сына қараған түні өз пәтерінде дүниеден озды. Ол мемлекеттік рәміздің ғана емес, Алматы қаласы елтаңбасының, Бауыржан Момышұлы монументінің авторы. Көзі тірісінде Мемлекет және қоғам қайраткері, Алматының «Құрметті азаматы» марапаттарына лайық деп танылған.

Зейнеп Ахметова, Б. Момышұлының келіні:

Өте бір мейірімді, артық ауыз сөзге бармайтын, ал бірақ сөйлей қалса, шежіредей ағылып кететін, ешқандай у-шуға қатыспайтын, арамға қол созбайтын адал адам еді. Біз әкемізбен аты байланысты болғандықтан да, бүгін тағы бір әкемізден айырылғандай болып жүрегіміз езіліп тұрмыз. Амал қанша... бәріміздің баратын жеріміз сол. Алла алдынан жарылқасын дейміз.

Қазақстанның өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков 1938 жылы 12 қазанда Тараз жерінде дүниеге келген. Он жылдық мектепті бітірген соң, Ленинградтың көркемсурет училищесін, кейін В.И. Мухин атындағы сурет институтын бітіреді. Жас қылқалам иесі студенттік жылдарда архитектура әлемінің үздіктері Эрмитажды, Петр Сарайын жаңғырту жұмыстарына қатысқан. Сондай-ақ «Волга» жеңіл автокөлігі дизайны авторларының бірі. Бертін келе, яғни 1982 жылы Алматыдағы Республика алаңын көркемдік безендіру байқауының жеңімпазы атанды. 

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ