Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда «Өзара іс қимыл-2014» халықаралық оқу-жаттығу жұмыстары басталды

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2014
  • 1745

Бүгін Қарағандыда «Өзара іс қимыл-2014» халықаралық оқу-жаттығу жұмыстары басталды. Онда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан мен Армения сияқты елдердің үш мыңнан астам әскери бөлімшелері тәжірибе алмаспақ. Шара аясында сарбаздар әскери жасақты басқаруды, коллективті тапсырмаларды орындауды және психологиялық ұрысты жүргізудің ережелерін меңгеруі тиіс. Сондай-ақ, жаттығу жұмыстары барысында террорлық топтармен күрес амалдары жетілдіріледі.

Шараның тағы бір ерекшелігі - мұнда жаңа әскери техника паш етілмек. Бұл тұста Қазақстанның да мақтанарлық жетістіктері бар. Қазақ елі өзі шығарған түнде көру құрылғылары мен радиостанцияларды ұсынбақ. Қазір барлық бөлімшелер арнайы тапсырмаларды алып, оқу-жаттығу жұмыстарының негізгі кезеңіне әзірленуде. Айта кету керек, бұл жолы шараның қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп отыр.

Сәкен Жасұзақов, ҚР Қарулы күштер бас штабының бастығы:

Бүгін біздің алдымызда жедел әрекет ету күштерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырмасы тұр. Біз оны Қазақстан Республикасы авиациясының күші арқылы іске асырмақпыз.

Бірлескен штаб басшылығының мәлімдеуінше, шараға қатысқан елдердің әскери әлеуеті алдағы уақытта одан әрі күшейтілмек. Атап айтар болсақ, аталған мемлекеттер арасында әскери техниканы сатып алудың ортақ жоспары құрылмақ.

Абзал ҚҰРМАНКИН