Русский Сайттың толық нұсқасы

Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Петропавлда болды

  • AstanaTV
  • 19 тамыз 2014
  • 1452

Бүгін "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Бауыржан Байбек жұмыскерлермен тұрмыс түйіткілдерін сөз етсе, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесуде сыбайлас жемқорлыққа  қарсы тиімді күрес тәсілдерін талқылады. Бүгін "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалының жаңа төрағасы да сайланды.

Жарты ғасырлық тарихы бар Петропавл ауыр машина жасау зауытында мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жұмыскерлердің басым бөлігі - жастар. Бауыржан Байбекпен бетпе-бет жүздескен олар,  дәл осы саланы таңдағандарына өкінбейтіндерін айтты.  Себебі өндіріс ошағында жас толқынға бар жағдай жасалған. Айта кетсек, биыл Қызылжарда «жастар үйі» бой көтермек.

Абылайхан Қайроллаев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ инженер-техникалық факультетінің студенті:

Елімізде көптеген кәсіпорындар ашылуда. Бұл жастарды жұмыспен қамтуға үлкен үлес қосады. Елбасы өзі айтып кеткендей, жастар бір жерде отыра бермей, әр жаққа барып жұмыс істеу керек. Және де осылай біз еліміздің болашағын бірге қалаймыз.

Кездесу барысында зауыт жұмысшылары өз проблемаларын да ортаға салды. Баспана мәселесі, балабақша тапшылығы тағы бар. Аталған түйткілдер қазір бас партияның жіті назарында тұр. Артынша Бауыржан Байбек үкіметтік емес ұйымдармен кездесті.

Басқосуда "Нұр Отан" партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бадғарламасының жобасы талқыланды. Оны жетілдірудің түрлі тетіктерін қарастырған қатысушылардың пікірінше, қоғамдағы жемқорлықты тек жұмыла күресу арқылы ғана жеңуге болады. Сондай-ақ, жиын барысында ортақ веб-портал құру ұсынылды. Сол арқылы жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық туралы ақпаратты жеткізуіне мүмкіндік жасалмақ.

Әсемгүл Есқожа, «Ардис» азаматтық бастамаларды дамыту институты қоғамдық ұйымының директоры:

Ең біріншіден, біздің ұсынысымыз ол - азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы бір білетін фактілерді жіберу үшін ортақ интернет-портал құру деп ойлаймыз.

Сыбайлас жемқорлық мәселесі партияның кезектен тыс 10 конференциясында да сөз болды. Жиын барысында нұротандықтар жемқорлықты жоюдың жаңа бағдарламасын жетілдіруге қатысты өзінің тың бастамаларын алға тартты. Орайы келгенде айта кетейік, осы уақытқа дейін аталған жобаға қатысты партия мүшелері, түрлі сарапшылар мен дүйім жұрт тарапынан 700-ден астам ұсыныс білдірілді.  Бауыржан Байбектің айтуынша, бармақ басты көз қысты қарекеттермен күресте нұротандықтар үздік нәтиже көрсетуі керек.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Біздің негізгі мақсатымыз - осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер туралы бағдарлама бойынша жалпы осы мәселені тағы бір рет талқылау. Біз бүгіннен бастап, осы бағдарламаны формальді түрде емес, жалпы төменнен бастап, талқылап келе жатырмыз.

Кездесу соңында өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. 

Абзал ҚҰРМАНКИН