Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда алып ағаш жеңіл көлікті жапырды

  • AstanaTV
  • 10 қыркүйек 2014
  • 1763

Қызылжарда алып ағаш жеңіл көлікті жапырды. Айта кетерлігі, аймақта осыған ұқсас  жағдайлар бұған дейін де орын алған. Тұрғындар теректен төнетін қауіптің жиілегенін айтып дабыл қағумен келеді. Өткен ғасырда отырғызылған ағаштар бүгінде әбден шіріп біткен. Қураған тал теректермен  жергілікті билік қалай күрес жүргізіп жатыр? Әріптесім Абзал Құрманкин осы сауалға жауап іздеп көрді.

Оқиға кешқұрым болған. Ұзындығы 15 метрдей ағаш тамырымен опырылып, жеңіл көлікті басып қалды. Абырой болғанда, адамдар аман. Темір тұлпар иесі үйінде бұл кезде үйінде еді. Пәтер иелері кооперативінің төрайымы, ағаштың құлауға шақ тұрғанын әкімдікке алдын ала ескерткенмін деп шырылдайды.

Вера Лежкова, пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

Әкімдікке қанша рет арыз жаздық. Келіп бір екі ағашты кесіп, тайып тұрды. Ал негізгі ағаштарды қалдырып кетеді. Балалардың басына құламағанына қуандық. Ал егер  балғындар ойнап жүрген алаңқайға түскенде не болар еді? 

Төтенше жағдай қызметінің өкілдері де алып ағаштардың құлауы жиілегенін растап отыр. Соңғы 5 жылда дәл осындай 4 жағдай тіркеліпті. Дүйім жұрттың дегбірін қашырған теректер өткен ғасырдың 70-80 жылдары отырғызылған. Олар  екпінді желге шыдас бермей, құлап жатыр. Жергілікті билік қаражат тапшылығын алға тартады. Биыл бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 9 млн теңге бөлінген. Алайда, қаралған қаражат шіріген ағаштарды түгел кесіп тастауға жетпейтін көрінеді.

Жаңабек Тұрсынов, Петропавл қ. ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары ММ басшысы:

Ағаштарды кесумен Петропавлда 1 ғана кәсіпорын айналысады. Әрбір ағашты кесуге, түбін қопаруға шамамен 2 мың теңге бөлінеді. Биыл 1 мыңға жуық аула тазартылды. Әлі 336 арыз бар. Қазір қосымша 5 млн теңге қажет болып тұр. Шіріген ағаштармен енді келесі жылы ғана айналысамыз.

Қызылжар көшелеріндегі жасыл желектің тең жартысы теректер. Тәжірибелі биолог Владимир Вилковтың айтуынша,  ағаштың бұл түрі әрі кетсе 40 жылға дейін ғана өмір сүреді. Демек, қураған ағаштардың жаппай құлауы әлі алда.

Владимир Вилков, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «Жалпы биология» кафедрасының меңгерушісі:

Кеңес одағы заманында билік өкілдерінің теректі жаппай отырғызған себептері - бұл ағаш, біріншіден, тез өседі, екіншіден, қоршаған ортаның жағдайына тәуелді емес. Яғни бүкіл жерде өсе береді. Алайда бір кемшілігі - 30-40 жылдан кейін діңі шіріп, қатты жел соққанда орнында тұра алмайды.

Шенеуніктердің айтуынша, Қызылжарда шіріген ағаштарды толық жою үшін кемінде 2 жыл қажет. Ал оған дейін қала тұрғындарына абай болған жөн. Сақтық шараларын көлік жүргізушілерінің де ұмытпағаны жөн. 

Абзал ҚҰРМАНКИН