Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаев Жезқазғанда телекөпір арқылы еліміздің үш облысындағы темір
жолшылармен тілдесіп, екі магистральды жолдың жұмысына бастау берді. Атап
айтсақ, Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл бағыттары ашылды. Телекөпірге
Маңғыстау облысының Бейнеу, Ақтөбе облысының Шалқар, Қызылорда облысының
Сексеуіл мен Жезқазған қаласының станциялары тікелей қосылды. Салтанатты шара
барысында Елбасы еліміздің ірі транспорттық-логистикалық жобасын іске асырған
құрылысшылар мен теміржолшыларға алғысын білдірді. Жаңа бағыттың игілігі
туралы Жұрағат Баман хабарлайды.
Еліміздің
транзиттік әлеуетін арттырмақ Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл темір жол
желілерінің құрылысы 2012 жылдың маусымында басталған. Құрылысшылардың қарқынды
қызметі арқасында небары екі жыл ішінде шойын жол құрылысы тәмамдалды. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы еліміздің орталығы мен батысын
байланыстыратын осы ірі жобаның күре тамырына қан жүгіртті.
«Аталмыш стратегиялық жоба Қазақстанның
орталығынан жөнелтілетін жүк тасымалын батысқа, одан әрі Ресей, Еуропаға, ал
шығыста Қытайға, Оңтүстік шығыс Азия елдеріне жеткізуге жол ашады. Жобаның
салушы "Қазақстан Темір жол" ұлттық компаниясының есебі бойынша, осы төте жолдың
нәтижесінде Қытайдан Еуропаға жүк тасымалы қашықтығы 1200 шақырымға дейін
қысқарады. «Жаңа жолдың арқасында еліміз жылына 21 миллион тонна тауар
экспорттауға қауқарлы болмақ», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Жезқазған
- Бейнеу темір жолының жалпы ұзақтығы 988 шақырым. Оның 471 километрі
Шалқар - Бейнеу учаскесі болса, 517 шақырымы Жезқазған - Сексеуіл аралығы.
Жобаға сәйкес, бұнда 13 станция мен 30 разъезд ашу көзделген. Ал Арқалық -
Шұбаркөл темір жолы желісінің ұзақтығы 214 шақырым. Жобада 4 станция және 1
разъезд салу қарастырылған.
«Ғасыр жобасы» деп аталған ірі шойын жол құрылысының
ең алдымен қарапайым жұртшылыққа пайдасы зор болды. Үш жарым мыңға жуық жұмыс
орындары ашылып, темір жол бойында орналасқан елді мекендердің инфрақұрылымы
дамыды. Алдағы уақытта еліміздің батысы мен орталығын байланыстыратын жол
игілігін жолаушылар да көреді. Мәселен, Маңғыстау түбегінен Орталық Қазақстанға
дейінгі жол әлдеқайда қысқарады.
Жұрағат БАМАН