Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы күштерінің оқу-жаттығу жиыны аяқталды

  • AstanaTV
  • 22 тамыз 2014
  • 1253

Қарағанды облысындағы «Спасск» полигонында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы күштерінің оқу-жаттығу жиыны аяқталды. Бес күнге созылған шараға 6 мемлекеттің Қарулы күштерінің қолбасшылары және Қазақстан Қорғаныс министрі Серік Ахметов оң баға берді.

"Өзара іс-қимыл-2014" халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығуына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Арменияның әскерилері қатысты. Алты елден келген үш мыңға жуық сарбаз, соғыс жағдайында өзара күш біріктіріп, әрекет ете білу қабілетін шыңдады. Жаттығу жұмыстары қазір әлемде қалыптасқан жағдайды ескере отырып, нақты өмір шындығына лайықталып ұйымдастырылыпты. Бұл ретте артиллерия, десанттық-шабуылдау бригадалары мен әуе қорғанысы күштерінің дайындығы тексерілді. Сонымен қатар, психологиялық және ақпараттық соғыстың тактикалары да пысықталды.

Сәкен Жасұзақов, ҚР қарулы күштері бас штабының басшысы:

Біз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындадық. Белгіленген мақсатқа қол жеткіздік. Ұжымдық қауіпсіздік күштері бірлесе ұйымдасып, әрекет ете білді.

Ал Ресей және Беларусь десантшылары әуеден әскер мен техника түсірудің шебер үлгісін көрсетті. Енді қазақстандық жауынгерлер де осылай жаттығады. Ми қайнатар аптап ыстық жасақтың жаттығуына кедергі жасай алмады. Ал көзге түскен жауынгерлер арнайы марапаттармен мадақталды.

Николай Бордюжа,  ҰҚШҰ бас хатшысы:

Егер біздің алдымызда Отанды қорғау міндеті тұрса, біз жауға тойтарыс береміз. Қиын жағдайға түскен көршілерімізге көмектесуге қашан да әзірміз.

Еркін ҚАРИН