Русский Сайттың толық нұсқасы

Жемқорлықпен күрес лауазымды тұлғалардың дәрежесіне қарамай жүргізілуде

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2014
  • 1470

Жемқорлықпен күрес лауазымды тұлғалардың дәрежесіне қарамай жүргізілуде. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Астана қалалық филиалының кеңейтілген саяси кеңесінде мәлімдеді. 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы талқыланған жиында көпшіліктің пікірі тыңдалды. Парақорлықтың тамырына балта шабуды көздейтін құжат қарапайым тілмен жазылған және небәрі 17 беттен тұрады. Жоба мыңдаған адамның талқысынан өтті. Партия шеңберінде жан-жақты талқылау шарасы осы аптада қорытындыланбақ. 

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Біз жалпы осы аптада партия тарапынан саяси кеңес мүшелері, нұротандықтар - 800000 астам адам осы бағдарламаны талқылап, көп ұсыныстар берілді. Бүгінгі таңда Орталық аппаратқа 800-ден астам ұсыныстар түсті.

Нұротандықтар жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін бірқатар мемелекеттік қызметшілердің айлығын көтеру туралы ұсыныс тастады. Айталық, азаматтармен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істейтін халыққа қызмет көрсету орындары мен салық органдары қызметкерлерінің жалақысын көтеру керектігін айтты.  Халыққа қызмет көрсету орындарындағы орташа жалақы 65 мың теңге, салықшылар 60 мың теңгені қанағат тұтса, жұмыспен қамту орталықтарында орташа еңбекақы одан да аз - 45 мың теңге екені айтылды. Биік мінберлерден талай айтылған әкімшілік кедергілер де сөз болды.

Николай Мещеряков, Астана қалалық мәслихатының заңдылық, құқық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасы: 

Әкімшілік тосқауылдар ретінде ұзын сонар кезек пен мәселені тамыр-таныс арқылы шешу амалдарын, дөрекілік танытатын қызметкерлер мен  құжаттардың негізсіз ұзақ мерзімде қаралуы, кейінге шегерілуі, бопсалаушылық сынды жағдайларды атауға болады. Жемқорлықтың ауқымы осындай әкімшілік кедергілердің ауқымына байланысты.

Александр Ким, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі:

Қазір бізге өте батыл болу керек. Бұл аса маңызды. Жемқорлыққа жол беріп, пара алатындармен  және өзінің тікелей міндетін атқарудың орнына қасақана кедергілер жасап, пара беруге итермелейтіндермен күресте қорқынышымызды жеңе білу керек.

Саяси кеңеске жиналаған астаналық партия мүшелері «Нұр Отанның» өзге филиалдарындағыдай жемқорлықпен күресті мектеп қабырғасынан бастау керек деген идея мен жалпыхалықтық табыс декларациясын жариялау науқанын қолдады. Және парақор шенеунік пара алған адамына  келтірілген шығынын өтесін деген ұсыныс та айтылды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ