Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте қаржының жоқтығынан Қонаев мұражайы жабылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2014
  • 3036

Шымкенттегі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мұражайы қамқорлыққа зәру. Осыдан 10 жыл бұрын ашылған мұражай күрделі жөндеуді қажет етеді. Музей қызметкерлерінің айтуынша, 3 қабатты ғимараттың шатырын дауыл ұшырған, жаңбыр жауса, су сорғалайды. Салдарынан бөлмелердің сылақтары құлап, қабырғалары  көгерген, едендері ескірген. Ал ғимарат  пайдалануға берілгелі бірде-бір рет жөндеу көрмеген.

Қонаев қоры басшылығы мұражай ішіндегі қоғам қайраткеріне тиесілі жүздеген  экспонат пен мыңнан аса еңбек жарамсыз болып қала ма деп қауіптенеді. Екі экспозициялық залда бүгінде 300-ден астам фотосурет пен  ел басқарған азаматтың көзі тірісінде пайдаланған заттары сақтаулы. Көптің қолдауымен ашылған мұражайға бүгінде келушілер де аз екен. "Сол себепті  жөндеу жұмыстарын жүргізуге қол қысқа", -деді мұражайға жауаптылар. "Ал бюджеттен қаржы бөлінбеу себебі - музей мемлекет қарамағында емес", -  деді қор президенті.

Арынбек Ойшиев, Д.А. Қонаев атындағы қоғамдық қор президенті:

Мысалыға, он жыл болды қазір мұражай істеп жатқанына. Содан бері бір әкім келіп,  әй, мұражай бар екен Қонаев атындағы, осы мұражайға барайық, жағдайын көрейік деп, бір адам жағдай сұрап жатқан адам көрмедік. 

Күлия Айдарбекова, Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы:

"Мәдениет көз қырын салмайды, жәрдем бермейді" дегеннің бәрі бос әңгіме. Себебі жекеменшік мүлік болғаннан кейін, жекеменшік тірлік болғасын, біз оған араласуға құқымыз жоқ.

Дегенмен, мұражай басшылары бірегей қорды мемлекет қарамағына өткізгісі жоқ. Олар қалталы азаматтардың қаржылай қолдауынан үмітті.
  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ