Русский Сайттың толық нұсқасы

Елбасының қатысуымен жаңа гимназияның салтанатты ашылу рәсімі өтті

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2014
  • 1286

Бүгін "Білім күні". Қазақстандағы 8 мыңдай мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 2 миллион 600 мың шәкірт оқу жылын бастады. Еліміз бойынша жаңа 63 мектеп шәкірттерге есігін айқара ашты. Астананың өзінде бес бірдей білім ошағы қолданысқа берілді. Солардың біріне Президент Нұрсұлтан Назарбаев ат басын бұрды.

Мемлекет басшысы оқу кабинеттерін аралап шықты және «Қазақстан-2050» Стратегиясына арналған ашық сабаққа қатыстыОқушыларға елдің 2050 жылға дейінгі дамуының негізгі басымдықтары туралы әңгімеледі, сондай-ақ болашақта мамандық таңдау туралы өз кеңесімен бөлісті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан  Республикасының Президенті:

Дамуға ілесу үшін мамандықты дұрыс таңдау керек. Жас кезінде бәріне үлгергің келеді, бірақ оған уақыт жете бермейді. Сондықтан бір кәсіпке тоқталып, бүге-шүгесіне дейін зерттеген жөн, сонда жетістікке жететін боласыздар. Кез келген ұжымда кәсіпқой мамандарды құрметтейді және әрдайым олардың айтқанын тыңдайды.

№75 көпбейінді жаңа мектеп-гимназияда 1300-ден астам елордалық бала оқиды. Оқу орны заманауи жабдықтарымен қамтылған. Ғарыштану, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуға мүмкіндік беретін зертхана, педагогикалық және ақпараттық технологиялар орталығы бар. Ертеректе "картоп алқабы" деп аталған бұл жерде қазір зәулім үйлер құрылысы қарқынмен жүріп жатыр. Ол ЕХРО қарсаңында қаланың орталық аудандарының біріне айналмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан  Республикасының Президенті:

Елімізде шамамен 8 мыңға жуық мектеп есігін ашып, 2,6 миллион бала оқуын бастайды. Оқушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда, 70 мыңға ұлғайды. Бұл күні бүкіл еліміз бойынша жаңадан 63 мектеп іске қосылды. Жалпы, тәуелсіздік жылдарында елімізде мыңдаған мектеп салынды, бұл өскелең ұрпаққа деген қамқорлықты білдіреді.