Русский Сайттың толық нұсқасы

Тараздағы "Ұлан" гвардиясының 55/13 әскери бөлімінде жарылыс болды!

  • AstanaTV
  • 02 қыркүйек 2014
  • 2505

Тараздағы "Ұлан" гвардиясының 55/13 әскери бөлімінде жарылыс болды! Салдарынан төрт бірдей сарбаз бен бір қызметкердің денесін күйік шалып, аурханаға түсті.

Әскери бөлім таратқан ақпаратқа сенсек, оқиға - кеше түскі сағат бір шамасында болған. Келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилер техникалық тазалау паркінде жұмыс істеп жатқанда, бензин толы бак қопарылған. Техникаға сызат та түспеген. Әзірге әскери бөлімнің басшылары жарылыстың нақты неден болғанын айта алмай отыр. Қауіпсіздік талаптарының сақталмауы туралы да айтылмайды. Бір анығы, тазалау жұмыстары кезінде оқиға орнында болғандар темекі шекпеген.

Бақыт Әліпбаев, ҚР Ұлттық ұланы 55/13 бөлімше бастығының аға көмекшісі:

Сарбаздарымыз сол жерде жаңағы бензиннің тотығуынан жаңағы не болып, сарбаздарымыз жараланды. Ұлттық ұланның 55-13 әскери полиция қызметкерлері, Тараз қалалық №1 полиция бөлімшесінің қызметкерлері қазір қызметтік тергеу жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта себеп әлі белгісіз.  Тексеру барысында анықталады.

Айта кетейік, аурухана төсегіне таңылғандар өзге өңірлердің тумалары. "Олардың Өскемен, Қостанай, Ақтөбе қалаларындағы туғандарына оқыс оқиға жайында хабар жіберілді", - дейді әскери бөлімдегілер. Сарбаздардың Тараздағы  Ұлан гвардиясы бөлімінде қызмет етіп жатқандарына бір жылдан асыпты. Денесін күйік шалған әскерилердің жағдайларын дәрігерлер бір қалыпты деді.

Гулам Умаров, Тараз қалалық №2 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

2 адам реанимация бөліміне түсті. 3 адам ожоговое отделениеге түсті.  Олардың дене күйігі - 20 пайыздан 35 пайызға дейін. Қазір сол қиын жағдайда жатқан екі науқас 30-35 пайыз күйік алған. Қазір бірақ жағдайлары бір қалыпты. Сол 10-15 күннің ішінде жақсы болып кетеді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ