Русский Сайттың толық нұсқасы

Елбасы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын марапаттайды

  • AstanaTV
  • 19 қыркүйек 2014
  • 1337

Отбасының бірлігі - Отанның бірлігі! Бүгін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өз мәресіне жетті. Жеңімпаздарды арнайы құттықтауға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, жүзден жүйрік шыққан Бимаханбетовтер отбасына шағын әмбебап автобустың кілтін табыс етті. Бимаханбетовтер отбасы 8 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 33 немере мен 10-нан астам шөбере сүйіп отыр. Отағасы Елтай Бимағанбетұлы - мәдениет саласының ардагері. Түркістан қаласының құрметті азаматы.

Президент құттықтау сөзінде, елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған байқаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет басшысы елімізде жас ұрпақтың білімі, денінің сау болуы, әрбір отбасының мызғымас берік болуы, қарттардың зейнетті өмір кешуі үшін барлық жағдайды жасалып жатқандығын да тілге тиек етті.

Айта кетейік, жеңімпаздан бөлек аймақтық кезеңдерде жеңіп шыққан өзге 15 отбасына да шағын автобустың кілті табыс етілді. Жалпы, конкурста еліміздің барлық өңірлерінен 1 298 отбасы бақ сынаған болатын.

Жұрағат БАМАН