Шымкентте құрылысы әлі аяқталмаған театр ғимараты
өртенді. Қаланың жаңа әкімшілік
іскерлік орталығында салынып жатқан облыстық драма театрдың шатыры тапа тал
түсте отқа оранды. Оқиға орнында жұмысшылар болған. Олар бастапқыда өз
беттерінше өртті сөндірмек болғанымен, шатырдың жұмсақ жабындысы лезде лаулай
жанып, ырыққа көнбепті. Тілсіз жаумен күреске өрт сөндіру қызметінің 19
техникасы мен 84 адам жұмылдырылған.
Өрт сөндірушілер жалынды тез арада
ауыздықтады. Бірақ 800 шаршы метр шатырдың төрттен бір бөлігі өртеніп кетті.
Құтқарушылардың айтуынша, зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ. Айта
кетейік, театр құрылысы биыл желтоқсанда аяқталуы тиіс болатын. Әуелгіде орыс
драма театры ретінде салынғанымен, жуырда бұл ғимаратты қазақ театрына беру
жөнінде шешім қабылданған дейді мәдениет басқармасының басшылары.
Нұрлан
Темірбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы:
Қазіргі
таңда өрттің шығу себебі мен келтірілген материалдық шығынның көлемін анықтау
бөлімінің қызметкерлері анықтап жатыр. -Алғашқы болжам қандай? -Алғашқы болжам,
дәл қазіргі ешқандай болжам жоқ. Дозновательдер
мен бұл жерде арнайы өрт техникалық лаборатория қызметкерлері жұмыс істеп
жатыр. Солардың қорытындысынан кейін белгілі болады.
Айзада
ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ